Алматы түбінде «Бек Эйр» ұшағының апатқа ұшырауына байланысты билет бағасының көтерілгендігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның дерегінше, 2019 жылғы 27-31 желтоқсан күндері аралығына жоспарланған әуе компаниясының 100-ге жуық рейсі орындалмайды. Бұл бағыттарға барлығы 9157, оның ішінде 8180 ересек, 765 бала, 212 нәресте билеті сатылған.
«Қазіргі уақытта әуе компаниясы 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жоспарланған барлық рейстердің авиабилеттерінің толық құнын қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2020 жылдың 3-10 қаңтары аралығындағы «Бек Эйр» әуе компаниясы рейстерінің жолаушылар саны 9785 адамды құрайды. 1-2 қаңтарға әуе компаниясы ұшуларды жоспарламаған. Орындалмайтын рейстердің жолаушыларына өзге әуе компаниялармен ұшуды ұсынамыз. Бұл ретте «Бек Эйр» рейстерінің орындалмауына байланысты авиабилеттердің бағасы көтерілген жоқ және көтерілмейді де. Тарифтердің көтерілгендігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», - деді Берік Камалиев.
Сонымен қатар вице-министр Жаңа жыл мейрамы қарсаңында және демалыс күндері әдетте авиабилеттердің құны жай күндерге қарағанда жоғары болатындығын айтты.