Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Нәдіров ұшақ апаты кезінде полицей құтқарып қалған 9 айлық сәбидің қал-жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз жаңа ғана балалар ауруханасындағы бүлдіршіндерге кіріп шықтық. Оның ішінде 9 айлық ұл бала да бар. Оның жағдайы бірқалыпты, жанында туыс-туғандары мен жақындары бар», - деді вице-министр.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтің сөзіне сенсек, бала ұшақта ата-анасымен бірге болған. Ол видеоларды түгел қарап шықпағанын, дегенмен барлық бала клиникалық балалар ауруханасында ем алып жатқанын айтты. Жағдайлары бірқалыпты. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, кеше таңғы мезгілде Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия барды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.