Алматы түбінде «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 3 адам ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен тәулікте 3 адам ауруханадан шықтық. Клиникаларда 46 пациент, оның ішінде 9 бала қалып отыр. Балалардың жағдайы тұрақты, олар реанимация бөлімшесінен ауыстырылды. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен тиісінше сапалы ем қажет. Жағдайды министрлік бақылауда ұстап отыр», - деді Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Оның дерегінше, бірнеше адамның жағдайы өте ауыр болғандықтан реанимация бөлімшесінде жатыр.
«№4 қалалық ауруханада 7 адам, Алматы облыстық клиникалық ауруханада 2 адам реанимация бөлімшелерінде жатыр. Бір пациенттің өміріне қауіп төніп тұр. Қазіргі уақытта ол жерде ғылыми орталықтардың басшылары жетекшілік жасайтын топ жұмыс істеп жатыр. Кеше кеңес өткізіп, емдеу әдісін анықтады. Жалпы, емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр», - деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, ол ұшақтың екінші ұшқышының жай-күйі жайында да деректермен бөлісті.
«Жағдайы өте ауыр болғанымен тұрақты. Реанимацияда жатыр», - деді ол.
Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.
Президент тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.