01 қаз, 2021 сағат 18:29

Үш жылда 126 млн теңге жымқырған әскери бөлім басшыларына үкім шықты


Павлодар қаласындағы шекара қызметі №2033 әскери бөлімінің қаржы бөлімінің бастығы мен әріптестері 126,5 млн теңге жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Қайсар Баржақсынов Antikor ақпарат алаңында осылай деп мәлім етті. 

«2021 жылғы 27 қыркүйекте Семей гарнизоны әскери сотының үкімімен бюджет қаражатын жымқырғаны үшін Павлодар қаласында орналасқан шекара қызметінің 2033 әскери бөлімі қаржы бөлімінің бастығы, майор Жуанышбаев 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Осы үкіммен қаржы бөлімі бастығының аға көмекшісі, аға лейтенант Бигелдинов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, қаржы бөлімінің бухгалтері Есентаева 4 жылға сотталды», - деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі. 

Оның сөзінше, күдіктілер үш жылдың ішінде әскерилердің тұрмыс және іссапар шығындарына деп бөлінген 126,5 млн теңгені жымқырған. 

«Аталған адамдар 2015-2018 жылдар аралығында әскери қызметшілерді тұрмыс шығындары мен іссапар шығыстарын есептеу және оларды кейіннен беру арқылы жалпы сомасы 126,5 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған. Жуанышбаев пен Бигелдинов өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ әскери атақтарынан айырылды. Есентаева 8 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді Қайсар Баржақсынов.