Бүгін Қазақстанның үш министрлігі – білім және ғылым, әділет, дін және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, діни рәсімдегі киімдерді мектепке киюге тыйым салынғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Биыл 4761 мектепте 2 миллионнан астам оқушы бекітілген мектеп формасын киіп жүр.
«Білім министрлігіне ата-аналар комитетінен діни рәсімдегі киімдерді киюге қатысты 5 мыңнан астам өтініш түсіпті. Бұрын мұндай жағдай қатты шиеленіс тудырмаған. Сондықтан, бүгін барлық сұраққа жауап беріп, бұл мәселенің шешімін шығардық», – дейді білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Осыған байланысты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 14 қаңтарындағы №26 бұйрығымен мектеп формасының бірыңғай ережесін енгізілді: пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.
«Діни ерекшелігі бар киім, орамал, хиджаб және т.б. киюге жол берілмейді және бұған дейін де тыйым салынған. Заңнаманың нормалары барлық ұлтқа ортақ. Діни киімді тек білім мекемесінде киюге болмайды. Оның сыртынан тыс жерде не кисе де өз еркі. Олардың діни көзқарасына шектеу жоқ», – дейді ҚР білім және ғылым вице-министрі.
Егер бала мектепке діни киіммен келсе, онда ол мектепке кіре алады. Бірақ, артынша баланың киімін шешу үшін ата-анасы мектепке шақырылады.
«Баланы қумаймыз. Бірақ, діни киімді шешу үшін ата-анасын шақырамыз. Ешкім баланың киімін күштеп шеше алмайды. Мұндай киіммен бала бірнеше рет келсе, ата-анасы құлақ аспаса, онда ол есік алдында ата-анасын күтіп тұруға мәжбүр болады. Әзірге «баламды мектепке кіргізбеді» деген шағым түскен жоқ. Біз оқушы құқығын бұзбаймыз. Бірақ, олардың да ережені бұзуына жол бермейміз. Ата-анасын күтеміз», – дейді Э.Суханбердиева.