Ресей мен Германия ғалымдары Шигир пұтының қай ғасырға тиесілі екенін анықтады. Бұл Жер бетіндегі ібілістің ең көне мүсіні болып шықты. Ғалымдар оның пайда болуын Анатолиядағы алғашқы өркениетпен байланыстырды. Бұл туралы Antiquity журналында айтылады.
"Бұл мүсінге 11 600 жыл. Осы және біздің өзге ашқан жаңалықтарымыз ежелгі аңшылар мен терімшілерде өте күрделі рәсімдер болғанын, оның үстіне өнер арқылы абстрак идеяларын жеткізе алғанын дәлелдейді. Дін мен мәдениет бұрын есептеліп келгендей шаруашылық пайда болған кезде емес, одан әріректе пайда болғанға ұқсайды", - дейді Геттинген университетінің маманы Томас Тербергер.
Ресейдің Урал аймағындағы алтын іздеушілер Шигир пұтын 1894 жылы Екатеринбург маңынан тапқан болатын. Бүтін ағаштан ойылып жасалған 3-5 құлашты ағаш мүсін ұзақ уақыт тарихшылар мен археологтар үшін жұмбақ болып келді. Пұт табылған орын ХХ ғасыр басында сазға айналып, бұл оның мәдени тамыры мен қанша жыл болғанын анықтауға бөгет болған.
Алғашында радиокөміртекті сараптама қорытындысы пұтқа сегіз-тоғыз мың жыл болғанын көрсеткен, алайда, бұл өзге тарихшылар тарапынан қарсылық тудырған еді.
Бұл мәліметті анықтау үшін Тербергер ресейлік ғалымдармен бірігіп, Шигир пұтын жан-жақыт зерттей бастады. Үш жыл бұрын басталған зерттеу кезінде пұттың қандай ағаштан жасалғаны сарапталды және масс-спектрометр арқылы жасын өлшеді. Сонымен қатар, жаңа қазба жұмыстары кезінде сол маңайда табылған өзге де артефактілер зерттелді.
Пұт сазқарағайдан қашалған болып шықты. Ал пұттың үстінен жасалған оюлар мүсіншілердің өте шебер болғанын байқатады. Ресейлік мамандардың пікірінше, Шигир пұты қара күш пен оларға басшылық ететін орман перісінің стильдік бейнесі.
Ал 11 600 жыл болған пұт Жер бетінде табылған ең көне діни монументтермен - Анатолиядағы Гебекли-Тепе тұрағынан табылған монументтермен қатарлас келеді.
Гебекли-Тепе тұрағы Жер бетіндегі өркениет, дін мен мәдениеттің алғашқы жұрнағы есептеледі. Онда табылған артефактілердегі өрнектер Шигир пұтындағы оюлармен ұқсас. Бұл олардың байланысы барын көрсетеді. Басты айырмашылық ол дәуірде Анатолияны мекендегендердің шаруашылығы болса, Шигир пұтының авторлары аңшы-терімшілер болған.
Өркнеиет, дін мен мәдениеттің пайда болуы әдетте ауыл шаруашылығының пайда болуымен байланыстырады, - деп жазады РИА Новости. Ал Германия және Ресей ғалымдарының жаңалығы бұл идеяға күмән келтіріп, өркениеттің пайда болуына басқаша қарауға итермелейді.