Фото: ҚМА
Қаржы мониторингі агенттігі Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.
Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан.
Нәтижесінде мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді.
Соттың санкциясымен олардың мүлкіне — 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.


