06 ақп, 2017 сағат 11:20

Универсиада нысандары айналасында жаңа мәдени орталық қалыптасуда

 

Универсиада арқасында мегаполистің Алатау ауданы ары қарай дамуға мүмкіндік алып отыр. Нәтижесінде Алатау ауданы бүгіндері қала қонақтары мен тұрғындарын өзіне тартып отырған жаңа орталыққа айналуда. Осында Универсиада бас нысандары - «Алматы Арена» және Атлеттер ауылы орналасқан. Қазірдің өзінде «Алматы арена» ауқымды концерттерді («Алматының 25 шыңы» атты гала-концерт, Қайрат Нұртастың, Филипп Киркоровтың және т.б. әртістердің концерттері) өткізу үшін пайдаланылып отыр. Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде футзалдан УЕФА-ның «Төрттіктің финалы» өтеді деп жоспарлануда.

Алатау ауданында бой көтерген тұрғын үй кешендеріне қоса, осында емхана, супермаркет, банк бөлімшелері мен почта, полиция бекеті қызмет жасайтын болады.

Қаламыздың мәдени және сәулеттік көрнекті орындарының біріне айналуы тиіс 7000 адамды сыйдыра алатын мешіт те салынады деп жоспарланып отыр. Болашақ тұрғындар мен қала қонақтары үшін қазақ тағамдарын дайындайтын мейрамхана, ұлттық аспаптар мультимедиалық мұражайы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, қолөнершілердің кәдесыйларын сату орталығы өз жұмыстарын жалғастырады. Атлеттер ауылында 100-ге жуық қолөнер шеберіне арнап орталық құрылады. Ойындар аяқталған соң, Алатау ауданының кәсіпорындары заманауи жайлы кеңселерге жайғасуға мүмкіндік алады. Кеңселерді жалдау құны қала ішіндегі бағадан 2 есеге арзанырақ болмақ.

Сондай-ақ, ауданды абаттандыру және жасылдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Үлкен Алматы арнасы қайта құрылып, Боралдай өзенінің жағалауы нығайтылды, 3 сквер, саябақ және саяжол абаттандырылды.  «Алматы Арена» скверлері қазірдің өзінде заманауи суару жүйелерімен жабдықталған.

Қала билігі тұрғындар санының тұрақты түрде өсіп отырғанын атап өтуде. Атап айтқанда, Алатау ауданындағы тұрғындар көлемі бір жарым есеге ұлғайып, қазір мұнда 200 мыңнан аса адам тұрып жатыр.

"Ұлт ақпарат"