27 там, 2020 сағат 12:21

Unicef: Әлемде балалардың үштен бірінің қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаған

Коронавирус індетіне байланысты мектептер жұмысы тоқтаған шақта әлемде балалардың үштен бір бөлігі яғни, 463 миллион оқушының қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаған. БҰҰ-ның балалар қоры UNICEF-тің 27 тамызда жариялаған есебінде осындай мәлімет айтылады.

“Коронавирус індетіне байланысты мектебі жабылған кемінде 463 миллион баланың қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаған. Осыншама баланың айлар бойы қажетті дәрежеде білім ала алмауы – бұл білім саласындағы төтенше жағдай. Оның салдары жылдар бойы экономика мен қоғамда сезілетін болады” делінген ұйым есебінде.

Unicef мәліметінше, көктем және жаз айларында коронавирусқа байланысты карантин жарияланып, өзге мекемелермен қатар мектептің де жабылуы әлемде 1,5 миллиард оқушының білім алуына әсер еткен. Ұйым есебінде қашықтан оқудың шектеулі тұстарып атап өтіп, білім алудағы теңсіздіктің "тереңдегенін" ашып көрсеткен.

Есепте сонымен бірге шамамен 100 елдегі балалардың үйден білім алуға мүмкіндігі бар-жоғы туралы дерек жинақталған. Балалардың теледидар, радио, интернет, түрлі платформаларды пайдалану мүмкіндігі жайлы мәлімет бар.

Қазақстанда 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау онлайн форматта өтеді. Індетке байланысты биыл тек бастауыш сынып оқушылары ғана ата-аналары рұқсат берген жағдайда мектепке бара алады. Қалған сыныптар қашықтан оқиды. Шалғайдағы кейбір шағын мектеп оқушылары дәстүрлі форматта оқиды.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі елде жарты миллионға жуық баланың интернетке қосылмағанын, 185 мыңнан астам оқушыда қажетті құрылғы жоқ екенін айтқан.

Биыл көктемде интернет жылдамдығының төмен болуы, мектептердің техникалық тұрғыда жабдықталмауы, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайын еместігі сияқты түрлі мәселелер туындаған. Көптеген ата-аналар балаларының онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып шағымданған еді.

Жақында министр Асхат Аймағамбетов "бұл мәселелер бір күнде шешіле қоймайды, шама-шарқынша кемшіліктерді жоюға тырыстық" деп айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 3,3 млн оқушы бар. Биыл жаңа оқу жылын 80 пайызы (2,6 млн оқушы) қашықтан оқудан бастайды. 15 пайызы немесе 530 мың оқушы үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Шағын мектептерде 202 мың бала дәстүрлі форматта оқымақ.