Жексенбі күні Үндістан астанасы Делидің солтүстігіндегі Анадж Манди ауданында фабрика өртеніп, 43 адам мерт болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полицияның мәліметінше, жарақат алған және күйік шалғандардың саны 50-ден асады.
Оқиға орнына өрт сөндіру және құтқару қызметтерінің 30-дан астам машинасы жұмылдырылды.
India Today TV хабарлауынша, өрт сөндірушілерге операция басталар алдында тілсіз жаудың тұзағында қалып қойған адамдар туралы айтылмаған. Бұл, адамдарды құтқару жұмысының кешуілдеуіне себеп болып, құрбандар саны артқан.
Полиция өрт шыққан кезде фабрикада 59 адамның болғанын мәлімдеді. Жалын тұрғын аймақта орналасқан төрт қабатты ғимараттың екінші қабатында тұтанған.
Апат орнына жиналған адамдар көп болды, олардың басым бөлігі қаза тапқандар мен жарақат алғандардың туыстары.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди фабрикадағы оқиғаны «жан түршігерлік өрт» деп атады.
«Жақындарын жоғалтқандардың қайғысына ортақпын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Билік оқиға орнында мүмкін болған барлық көмекті көрсетіп жатыр», - деп хабарлады ол.
Полиция кәсіпорынның иесіне іздеу салды.
Жергілікті органдар аталған факті бойынша тексеруді бастады. Айта кетейік, бұл апат - Үндістан астанасында болған ең үлкен және жантүршігерлік өрттердің бірі.