Қазақстан Үкіметі Қарағанды облысының шекарасын өзгерту және Ұлытау облысының шекарасын белгілеу туралы қаулы қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Қарағанды облысының шекарасы одан Ұлытау облысының құрамына беру үшін Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларының, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының жалпы ауданы 18893661,0 гектар жерін алып тастау арқылы өзгертілсін.
2. Осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларының, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының жалпы ауданы 18893661,0 гектар жерін қосу арқылы Ұлытау облысының шекарасы белгіленсін.
3. Қарағанды және Ұлытау облыстарының әкімдіктері осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» - делінген қаулы мәтінінде.
Еске салайық, 8 маусымда Қазақстан Президентінің жаңа облыстар – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру туралы Жарлығы күшіне енді.