23 нау, 2019 сағат 11:22

Ұлықбек Есдәулет. Жаңа шаһарға лайық есім

Ширек ғасырдан астам уақытта қиындық пен күрделі кезеңдерді бастан өткерсек те, Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың саяси шешімдері мен жолдаулары, байыпты бағдарламалары ұлттық рухымызды сақтап қала алды. Ол ел дамуының жарқын үлгісі мен оның нақты қадамдарын көрсететін жарқын істер һәм батыл шешімдерге бара білді.

Барлық заманауи тәуекелдер мен жаһандық үдерістерді қоса алғандағы қазақстандық рухани құндылықтың жандануына бағытталған Мемлекет басшының жолдаулары әм мақалалары, өз кезегінде, ұлттық бірегейлікті сақтау, азаматтар санасының ашықтығы мен білімге баулуын дәріптеу, прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығын алға тартты.

Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаев әп сәтте өзгеріп отырған дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылу және рухани жағынан серпілу керектігін де әрқашан басты назарда ұстады.

30 жылға жуық уақытта Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елдің еңсесін көтеріп, айбынын асқақтататын Астана қаласын Әлем таныған елордаға айналдырды. Бұл айтулы шаһарда қаншама стратегиялық шешімдер қабылданып, іргелі еңбектер жүзеге асырылды.

Бүгінгі жеткен жетістігіміздің де тікелей Тұңғыш Президентімізге қатысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті, Елбасының кеше ғана жасаған тарихи мәлімдемесі көрегендік пен кемеңгерліктің нәтижесі деп білемін.

Елдің ертеңін ойлайтын, санасы сергек, ұлтты болашаққа бағыттай алатын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттікке ұсынуында да бірінші кезекте халықты, келешек ұрпақты ойлау мүддесі тұрғандығы анық.

Елбасымыздың өзі бас сәулетшісі болған Астана қаласына Нұр-Сұлтан аты берілуі жөніндегі шешімді өз тарапымнан толықтай қолдаймын және осы өзгеріс Петропавл, Павлодар, Өскемен, Лисаковск, Рудный, т.б. қалалардың атының өзгеруіне бастама болсын деген тілегім бар!..

Ұлықбек Есдәулет,

Қазақстан Жазушылар одағы

басқармасының Төрағасы