26 қар, 2018 сағат 21:14

Ұлыбритания Еуроодақтан шыққан жағдайда жылына £100 млрд жоғалтады

Егер Ұлыбритания қазіргі келісімдер негізінде Еуропа одағынан шығатын болса, 2030 жылға дейін ЖІӨ көлемі 4% қысқарып, ел экономикасы жыл сайын 100 млрд фунт стерлингтен қағылуы мүмкін. Бұл туралы The Independent газеті Ұлттық экономика және әлеуметтік зерттеулер институтына сілтеме жасап хабарлады.

Институт қызметкерлерінің есептеуінше, бұл елдің әрбір тұрғынының жыл сайынғы табысының 1090 фун стерлингке қысқаратынын білдіреді.

«Біздің негізгі қорытындыларымыз, егер Brexit жөніндегі қазіргі келісім бойынша, Ұлыбритания ЕО ортақ нарығы мен кеден одағынан 2021 жылы шығатындай болса, 2030 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімі, одақ құрамында қалған күніндегімен салыстырғанда 4% қысқарады», - дейді сарапшылар.

Мамандардың айтуынша, бұған қызмет көрсету саласындағы кедергілер себеп болады. Кедергілер экономиканың осы секторын тартымсыз етіп, Еуропа одағынан келетін инвестициялар көлемінің және британ жұмысшыларының тиімділігінің қысқаруына әкеп соқтырады.