04 жел, 2020 сағат 11:05

«Ұлы Дала зары» фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды

Қазақстандық «Ұлы Дала зары» фильмі «Оскар» сыйлығынан үмітті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық кинотуынды «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған. Фильмнің продюссері - Ернар Мәліков, ал режиссері - Марина Қонарова. 

«Қазақстанның киногерлер одағы АҚШ-тағы «Оскар» комитетіне біз жақтан осы кинотуындымызды ұсынды. Біз АҚШ-қа фильмді жолдадық, осыдан екі күн бұрын «Оскар» сыйлығы комитетінің шешімі шықты. Олар қазақстандық фильмді қабылдағаны туралы хаттама шығарды. Енді алдағы уақытта анкета толтыртып, фильмді қандай форматта жолдау қажеттігін хабарлайды», - деді фильмнің продюсері Ернар Мәліков . 

«Оскар» сыйлығының қорытындысы келесі жылдың сәуір айында жарияланады. 

«Ұлы Дала зары» фильмі – 1920-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен Ашаршылық тарихына арналған кинотуынды. Сол зұлмат кезеңде қазақ халқы ашаршылықтан қырылып, аман қалғаны шетелде босып кетуге мәжбүр болған еді. Фильмнің тұсаукесері 2020 жылғы 7-9 қараша аралығында Лос-Анджелестегі Халықаралық Азия кинофестивалінде өткен. Ернар Мәліковтың айтуынша, фильмді түсіруге бес жылдай уақыт кеткен. 

Фильмді қазақстандық www.cinexus.kz онлайн-кинотеатрынан көруге болады.