Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген жобаларды жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Ұлттық болмыстың өзегі болып саналатын қазақстандық мәдениетті әлемге таныту үшін Елбасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын ұсынғаны баршамызға аян.
Отандық мәдениеттің заманауи бейнесін ашып, оның әлемдік аренаға жол тартуына оң ықпал ету және жоғарыда аталған ірі мәдени жобаны іске асыру мақсатында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және Республикалық неміс драма театры 2017 жылғы желтоқсан айында Еуропа мемлекеттерінің астаналарында үлкен гастрольдік турне өткізуді жоспарлауда. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театры еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен халық композиторларының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржандары негізінде дала театрының элементтерін пайдалана отырып «Ұлы Дала театры» атауымен "Қыз Жібек" этно-фольклорлық мюзиклін ұсынады. Ал Республикалық неміс драмы театрының әртістері қазақ ұлттық драматургиясының шыңы – М.Әуезовтың «Қарагөз» спектаклін неміс тілінде көрсетеді (қойылымдар француз, неміс, ағылшын, орыс тілдерінде субтитрмен жүреді).
Үлкен гастрольдік турдың маршруты ірі мәдени орталықтарға айналған келесі қалаларды қамтиды: Берлин (Германия) – Париж (Франция) - Канн (Франция) – Вена (Австрия)-Брюссель (Бельгия) - Мәскеу (Ресей).
Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін «Қыз Жібек» туындысы – лқазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Трагедия кейіпкерлері – Жібек пен Төлеген әлемге әйгілі Ромео мен Джульетта сияқты қазақ халқы үшін махаббаттың символы іспеттес. Оқиғалар негізінен жас батыр Төлеген, Қыз Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ. Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де, бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. жақсы көрініс тапқан. Жібек бейнесі - сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш. Дала театрының негізінде сахналанған «Ұлы дала театры» этнофольклорлық мюзиклінен көрермен қазақ халқының ұлттық танымымен етене танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, спектакльде қос ақынның сөз тартысы, ой қақтығысымен қатар суырыпсалмалық қабілетін дәріптейтін қазақтың ұлттық өнері ақындар айтысы орын алған.
Қоюшы-режиссері және жоба авторы – «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Сонымен қатар, қойылым барысында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.
Қазақстандық әртістердің халықаралық гастрольдері «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға зор үлес қосып, отандық мәдениетті әлемге Біріккен ұлттар ұйымының алты тілінде таныстырудың оңтайлы тәсіліне айналатынына сенімдіміз.