Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы - қазақ елінің тарихы, мәдениеті, дәстүрі һәм шаруашылығыға қатысты келелі ойларды кеңінен қамтыған өзекті ойлы мақала. Оның басты идеясы – елімізде болып жатқан өзгерістерді оң бағытқа бұру және жас ұрпақтың санасындағы қазақ тарихы жайлы кейбір керағар пікірлерді жойып, Ұлы дала елінің тарихта қаншалықты ықпалды әрі жойқын күштерге ие екенін жеткізу.
Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты өлшем етіп алған кемел ойдың жалғасы тарихи сананы жаңғыртумен ұштасады. Елбасы Ұлы дала мұрасының жеті қырын мақтанышпен жеткізеді. Мақаланың бастауы саналған «атқа міну мәдениеті» туралы ойлары бүгінгі өркениеттің бастауы саналған мәдениеттен хабар береді. «Қазақ-тұлпар» тұтастығының көкжиегін бағамдайды. Ал, металл өндіру адамзат өркениетінде тарихи маңызы бар шаруашылық болған. Осы металл өндірудің арқасында адамзат тарихы жаңа дәуірге өте алған. Ал металл өндірісінің алғашқы орталықтары қазақ жерінде болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Міне, Президент өз мақаласында бұны да назардан тыс қалдырмады.
Үшінші - «Аң стилі». Ата-бабаларымыз ежелден сән салтанатты өмір сүрген. Олардың сан ғасырлық киімдері мен қолданған құралдарындағы ою өрнектер оған дәлел бола алады. Елбасы аң стилінің де халқымыздың мәдениетінен айрықша орын алатындығына тоқталады. Оның қазіргі сән саласында дамып, өркендейтініне сенім білдіреді. Сол арқылы дәстүр сабақтастығын сақтауға болатындығын меңзейді.
Төртінші - «Алтын адам». Алтын адам – тарихымыздың жауһары. Алтын адам және оның қасынан табылған күміс тостаған мен ондағы жазулар жайында ғалымдардың пікірлері Ұлы дала мұрасының сан ғасырлық екендігін айғақтайды.
Бесінші - «Түркі әлемінің бесігі». Қазақ жері - тарихқа бай шежірелі жер. Осы жерде қаншама соғыстар мен түркі халықтарының патшалықтары құрылды. Президент қазақ жерінің әлем өркениетінің бөлшегі ретінде және түркі әлемінің алтын бесігі ретінде жан тебірентерлік дәлелдер айтады.
Алтыншы - «Ұлы Жібек жолы». Әлем өркениетінің алтын көпірі – Ұлы Жібек жолы. Ұлы Жібек жолының негізгі бөлігі біздің Ұлы даланы басып өтетініне тарих куә. Елбасының «Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді» деуі де бүгінгі ұрпаққа мол өнеге қалдырады.
Жетінші - «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны». Қазақ жерінде қазір әлемде үлкен сұранысқа ие алма мен қызғалдақ бар. Бірақ олардың біздің елде шаруашылық ретінде жүйелі түрде қолға алынбағаны туралы Елбасы бүгінгі жасқа келелі ой салады. Әр дәуірдің ұрпағы өз құндылығын сақтау арқылы ғана тарихтан ойып тұрып орын алмақ. Рухани жаңғырудың жүзеге асуына зор ықпалын тигізетін келелі ойлар тәуелсіз елдің ұланы саналатын бүгінгі жастарға үлкен үміт артады. Себебі бүгінгі жастар – әлем өркениетінің орталығы болған Ұлы дала елінің ұрпағы!
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ оқытушылары
Саткенова Ж., Әмірова Ә.,
3 курс студентті Ерзат Өркен