Қазақстанда білікті мамандарды дайындауда Назарбаев зияткерлік мектептерінің орны айрықша. Ғылым мен экономиканы дамытудың іргетасын қалайтын таңдаулы оқу орындарының бірегейі. Посткеңестік кеңістікте теңдессіз білім беру жобасын іске асыру – Елбасының идеясы. Мақсат – үздік қазақстандық дәстүрлер мен халықаралық тәжірибелерді ұштастыра отырып, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру.
Бүгінде елімізде 21 зияткерлік мектеп жұмыс істеп, оларда 13 000 бала білім алуда. Білім ордаларында сан түрлі сынақтан өткен, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» 2000-нан астам үздік мұғалім білім беруде.
Ең алғашқы зияткерлік мектеп 2008 жылы Астанада бой көтеріп, кейіннен еліміздің барлық облыс орталығы мен Алматы және Семей қалаларында ашылды. Балалардың теориялық және практикалық білім алуы үшін әрбір мектепке заманауи ғылыми-зертханалық, интерактивті мультимедиалық құрал-жабдықтар алынып, оқу үрдісінде пайдаланылуда.
Аталған мектептерде үздік қазақстандық дәстүрлер мен халықаралық білім беру жүйесін біріктіретін екі оқыту моделі жүзеге асырылады. Біріншісі – зияткерлік мектептер мен оның стратегиялық әріптесі, яғни Кембридж университетінің Халықаралық бақылау кеңесі бірлесе отырып әзірлеген – NIS-program. Бұл бағдарламаны Назарбаев мектептерінің «төл туындысы» деп атауға да болады. Екіншісі – Астана қаласының зияткерлік мектебінде оқытылып жатқан – Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы. Білім ошағындағы жаратылыстану-математика бағытындағы бағдарлама халықаралық A-level, IB, SingaporeHigher 1-2, AP және SAT, SET емтихандарымен мазмұндас әрі жоғары дәрежеге ие. Оқушылар негізгі және жоғары сыныптарда IGCSE, AS-level, A-level халықаралық стандартына сәйкес аттестациядан өтіп отырады.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова: «Біздің миссия – қазақстандық дәстүрлер мен халықаралық тәжірибені ұштастырған білім берудің инновациялық жүйесін әзірлеу мен енгізу, содан кейін оны еліміздің орта білім беру жүйесіне тарату», – деп бірегей білім институтының басым бағытын нақты атап өткен еді. Оқу бағдарламасының негізгі өзегі мен бағыты – сын тұрғысынан ойлау, үштілділік, IT-технология, әлеуметтік жобалар және тәжірибелер. Осы өзекті бағдарламаларды оқыту міндеті зияткерлік мектептер құрылғалы бері күн тәртібінен түспей, жүйелі іске асырылып келеді.
Дүниежүзінде білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғары стандарттарды одан әрі дамыту үшін құрылған Халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) аккредитациядан өту – Назарбаев зияткерлік мектептері үшін айтулы оқиға. Қазіргі таңда 8 мектеп аккредитациядан өтсе, 2017-2018 оқу жылында тағы 7 мектеп тиісті сертификатқа қол жеткізбек. 2019 жылы аккредитациядан өту процесі толық аяқталады.
Білім мен тәрбие – егіз. Мектептер тек білім берумен ғана шектелмей, патриоттық мәдени және рухани іс-шараларды да қатар жүргізуде. Элективті курстарда қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрлері, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері оқытылады. Бұған дәлел ретінде «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» жобаларын атап өтуге болады. Сондай-ақ «таратуға тұрарлық идеялар» форматындағы TEDx, қазақтілді онлайн-энциклопедия контентін дамытуға бағытталған «Клуб Wikipedia» бағдарламасы іске асуда.
Зияткерлік мектеп оқушылары халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар, конкурстар, ғылыми жобалар, робототехника байқауларына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Зияткерлік мектептер – Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасының (WRO) Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі. WRO құрамында Таяу Шығыс, Еуропа, Африка, Америка елдері мен Австралия бар. Дүниежүзінің 12 елі бірігіп, Әлемдік роботтар олимпиадасын өткізудегі негізгі мақсат – сандық технологияның игілігін бірлесіп пайдалану, оқушылардың ой ұшқырлығын шыңдау.
«Робототехника» үйірмесі алғаш рет 2009 жылы Көкшетау және Семей қалаларының Назарбаев зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылып, балалар LEGO базасында роботтарды құрастыру мен іске қосуды оқи бастады. Қазіргі таңда «Робототехника» курсы барлық зияткерлік мектепте жұмыс істейді.
2010-2017 жылдары Назарбаев мектептерінің 100-ден астам қызметкері робототехникадан біліктіліктерін арттырды. Алынған білім зая кетпей, жақсы нәтижелерге жол ашты. Былтыр Нью-Делиде өткен робототехникадан әлемдік олимпиадада Қазақстан ұлттық робот құрамасы Creativity Award санаты бойынша жүлделі орын жеңіп алды. Ерекше айта кететін жағдай, байқауға әлемнің 54 елінен 2000-нан астам топ қатысып, олар Regular Junior High, Regular Senior High, Open Elementary, Open Junior High, Open Senior High, Advanced Robotics Challenge, Football атты жеті санат бойынша өнер көрсеткен болатын. Байқауға Талдықорған зияткерлік мектебінің оқушылары Талғат Бек пен Анатолий Алексеев (ұстазы – Авдюнин Николай) «Жер маңы орбиталарындағы ғарыштық қалдықтарды жинауға арналған роботтық орбиталық жүйе» атты жобасын ұсынды. Авторлардың ойынша, роботтандырылған спутник орбитаға ракетаның көмегімен жеткізіледі. Робот датчиктің көмегімен ғарыштағы қалдықты анықтап, оны қуып жетеді. Арнайы құрылғының көмегімен қалдықтарды қоршап, жинауға кіріседі. Содан кейін робот баяу қозғалып, маневрлық қозғалтқышты пайдалану арқылы бағдарын Күнге қарай бағыттайды. Жарық датчигінің көмегімен жылдамдықты арттырып, қалдықты Күнге қарай жолдайды. Осылайша, робот ғарышты әртүрлі қоқыстарлан тазалайды. Жоба Creativity Award-ты жеңіп қана қоймай, сонымен бірге, World Robot Olympiad-та «ең үздік және инновациялық жұмыс» деп танылды.
Алматы зияткерлік мектебінің командасы өз жұмыстарымен 2017 жылы Вашингтондағы робототехника жарысында 160 елдің ішінде 8-орын алды. Сондай-ақ Бүкілресейлік робототехника фестивалінде І және ІІ орынды иеленді. Индонезиядағы Халықаралық физика олимпиадасында алматылық оқушы Ақназар Қажымұрат, Таиландта өткен Халықаралық химия олимпиадасынан талдықорғандық оқушы Антон Моргунов алтын медальмен оралды. АҚШ-та өткен Technovation Challenge байқауында Дияра Бейсембекова мен Аружан Қошқарова жеңімпаз атанды.
Биыл мектеп оқушылары Коста-Рикада «Тұрақты даму» тақырыбында өткен WRO – 2017 олимпиадасында да бірқатар табысқа қол жеткізді.
Зияткерлік мектеп оқушылары білімін одан әрі тереңдету үшін әлемнің ең үздік оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Кембридж, Пенсильвания, Назарбаев университеттері, Халықаралық мектептер кеңесі, Джон Хопкинс университетінің Дарынды жастар орталығы, М.Ломоносов атындағы ММУ мамандандырылған оқыту-ғылыми орталығы, Педагогикалық өлшемдер институты сынды іргелі білім беру ұйымдарымен әріптестік байланыста. Сонымен бірге, Назарбаев мектептері ЮНЕСКО мен БҰҰ-ның Дамыту бағдарламаларымен ынтымақтастық орнатқан. Мектептердің түлектері Назарбаев университетімен қатар Принстон, Стэнфорд, Колумбия, Массачусетс технологиялық, Гонконг политехникалық, Пусан ұлттық, Ресейдің Жоғары экономика мектебі ұлттық зерттеу университеттерінде айрықша беделге ие.
Елбасының бастамасымен ашылған Назарбаев университеті – зияткерлік мектептердің заңды жалғасы. Президенттің «Елордамызда бірегей академиялық орта қалыптастыру үшін біз халықаралық деңгейдегі беделді университет құрамыз» деген бастамасымен ашылған көшбасшы университет инженерлерді, ғалымдарды, зерттеушілерді, болашақ ел басқаратын саяси элитаны дайындайды. 2010 жылы Үкіметтің шешіміне сәйкес, Астана жаңа университет атауын Назарбаев университеті деп өзгертті. Оқу ордасының Дайындық орталығына Foundation-ге студенттер қабылданды. Кейіннен Энергетикалық зерттеулер, Білім беру саясаты, Өмір туралы ғылымдар орталықтары ашылды. Ректоры – Шигео Катсу. Бүгінде төрт мыңнан аса студент білім алады. Жыл сайын 500 талапкер білім грантына ие болады. «Жаңа университетті ашу – мемлекетіміздің дамуы мен қазақстандықтар үшін ғаламдық жүйе құруда айрықша ықпал ететін маңызды ұлттық жоба» деген Мемлекет басшысының мақсаты – Қазақстанда әлемдегі ең үздік білім беру жүйесін қалыптастыру. Сол арқылы академиялық білімді шыңдап, ғылымды дамыту. Әлемдегі әр салада ең үздік жетістікке жеткен жоғары оқу орындарының тәжірибесін Астанаға жинақтай отырып, денсаулық сақтау, білім, ғылым, ел басқарудың Қазақстанға тән озық үлгісін қалыптастыру. Жаңа инновациялық технологияларды өндіріс орындарының жұмысын жандандыру үшін кәдеге жарату. Ел экономикасын дамытудың төте жолы – төл кадрларды дайындау. Шикізаттық елден дамыған, дайын өнім шығаратын жетекші елге айналу. Осы бағытта Назарбаев университеті Кембридж, Карнеги-Меллон, Колорадо тау-кен ісі университеті, Дьюк, Сингапур ұлттық, Лондон, Пенсильвания, Питтсбург, Висконсин-Мэдисон университетінің және ғылыми-зерттеулерді дамытуда Берклидегі Лоуренс, Аргон ұлттық зертханаларымен қатар Дьюк университеттерінің академиялық медициналық орталығы, жапондық Ұлттық онкология институтымен бірлесіп жұмыс істейді. Нәтижесінде, отандық кадрлардың үздік буыны қалыптасып келеді. Медицина, өндіріс, фармацевтика, инновация саласында маман тапшылығы жойылмақ. Шетелдік маманға тәуелділік азаяды.
Қазіргі таңда ең үздік ғылыми орталыққа айналып үлгерген Назарбаев университетінің жетістіктері жетерлік. Оқу ордасындағы екі ғылыми орталық пен бір технопаркте қазақ ғалымдары жұмыс істейді. Химия, биология, физика нанотехнологияда жаңалықтарды ойлап тауып, жаңа жобаларды іске асыруда. Мәселен, медицинада қатерлі ісік ауруының қай түріне болса әсер ететін дәрі-дәрмек түрін жасап шығарды. ЕХРО-да ел назарына ұсынылған су сіңірмейтін құмды ойлап тапты. Қуаты қарапайым батареядан он есе мықты аккумуляторды жасады. Робот құрастырудағы жетістіктері бір төбе. Мысалы, биыл гендік инженерия бойынша АҚШ-та өткен халықаралық 300 студенттік команда бақ сынаған сайыста Назарбаев университетінің студенттері І орынға ие болды. International Genetically Engineered Machine (IGEM) competition-та топ жарған Назарбаев университетінің 15 студенті «Алты валентті хромнан судың биоремодуляциясы» атты жоба бойынша төрт жыл талмай еңбек еткен. Еркежан Қалиқанова, Вальдемир Ким мен Мәриям Акижанова жобасын Бостонда таныстырған. Байқау нәтижесінде, Назарбаев университетінің командасы Кембридж, Гарвард, Массачусетс университеттерін артта қалдырған. Бұл – әлемнің жетекші оқу орындарынан үйрене отырып, оқ бойы озық шыққан еңбектің нәтижесі.
Студенттер Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, Инженерия, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар, Ғылым және технологиялар, Медицина, Жоғары бизнес, Жоғары білім беру, Жоғары мемлекеттік саясат мектептерінде оқиды.
«Бізде басқарушылар, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, көшбасшылардың жаңа шоғыры өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Көп ұзамай қазақстандық мамандар, ең алдымен, осы университеттің түлектері бүкіл әлемге өзінің жаңашылдығын, бәсекеге қабілеттілігін және қажеттілігін көрсетеді» деп Елбасы сенім артып отыр. Бұған дейін оқу орнын 1805 түлек, яғни 1309 бакалавр, 487 магистр, 9 доктор тәмамдаған.
ХХІ ғасыр – биотехнология, нанотехнология дәуірі. Елбасы сенім артқан түлектер ел сенімін ақтайды, қазақ ғылымын дамытады деген үміттеміз.
Майра ЖАНЫСБАЙ