27 қар, 2018 сағат 14:40

Ұлттық тарихтың ұлықталғаны – Елбасының ұлы мұраты


Өткен аптада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын қазіргі заманда аса өзекті мақаласы жарық көрді. Іссапармен Иран елінде жүргем, интернетті қосып, мақаланы оқуға асықтық. Көне парсы жұртында жүріп, ұлттық құндылықтарымыздың Елбасы тарапынан ұлықталып жатқанын оқып, қолымызға қалам алғанша асық болғанымыз, рас.

"Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі" деп басталатын мақалада, бастысы – біз кім екендігімізді анықтадық. Біздің ата-бабаларымыз - сақтардың, ғұндардың, түркі этникалық топтарының мұрагері. Ұлт тарихындағы уақыт пен кеңістік шеңберіндегі әлем өркениетіне жеті түрлі ғажайыпты сыйлаған дара этностың дарағымыз.

Дегенмен біз кім екенімізді анықтап, оны алдағы уақытта тереңінен зерттейтін боламыз. Сондықтан да, Елбасы өз мақаласында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санады. Құр ауызша дерек пен аңыздарға емес, нақты құжаттарға сүйенген тың тарихымыз өскелең ұрпақтың санасында сілкініс тудырып, өткен жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасындай болатыны анық.

Кәсіпкерлік пен бизнес саласында жүрсем де, ұлттық тарихымыз бен құндылықтарымыздан шет қалған емеспін. «Рухани жаңғыру» аясында туған жеріме қолдан келгенше қызмет етіп, қазақ халқының тарихында ерекше орны бар Қошқар Ата бейнесін қолдан келгенше болашақ ұрпақтың санасына қалдыруға күш салудамын. Содан болар, өткен жылы «Қиырдағы қазақтар» көп сериялы деректі фильміне қолдау таныттым. Алыс-жақын шетелдердегі қазақтардың тарихына қатысты қаншама құнды дерек көрерменге жол тартты. Қарап отырып, көзіме жас келді. Мүмкіндік болса, Елбасы бастаған, еліміз қостаған Қазақстаныма қызмет еткенге не жетсін деген ой түйіп, ұлттық тарихты түгендеуге әрбір кәсіпкер үлес қосса деймін.

Себебі, біз тарихты ата-бабамыздан мұраға алған жоқпыз, біз оны келер ұрпаққа аманат етіп тапсырамыз.

Оралбек Ботбай,

Профессор, «Құрмет» орденінің иегері,

Еуразиялық шығармашылық гильдиясының мүшесі (Лондон)