17 қар, 2016 сағат 10:53

«Ұлттық тәрбие» пәні не үшін керек?

«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт». Президенттің осы тапсырмасын ұстанған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Себебі, білімді де білікті маман-кадрлар экономиканы қарқынды дамытуда маңызды ресурс болып табылады. Қазіргі кезде адам ресурсы жоғары дамыған мемлекеттердің инновациялық дамуы соған негізделген. Сол себепті әлемдік білім кеңістігі парадигмасында, соның ішінде жоғары және одан кейінгі білім беру жүйесінде идеялардың бәсекелестігі барған сайын күшейе түскені анық.

Елбасының инновациялық ой-пікірлері мен қағида-ұстанымдары басшылыққа алынып, еліміздің білім беру жүйесін жаңаша құрып, жаңа бағытта дамытып, жетілдіруде жасалған алғашқы қадамдар, өзгерістер мен жаңалықтар, білім беруге қатысты реформалар, жаңа технологияларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Сөйтіп, осы инновациялар қазақстандық қауымның тәуелсіз даму кезеңінің тарихи шындығына айналуда. Сондықтан да қазіргі Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне енгізілген заманауи өзгерістер мен жаңаша бетбұрыстардың маңыздылығын ескермеуге болмайды. Олар Қазақстанның жаңа заманға барынша бейімделіп, өз саясаты мен өз экономикасын түзеп, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне негізделген демократияны жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жасалған маңызды қадам, іргелі іс-шаралардың бірі болып қала беретіні даусыз.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары «Жоғары білім беру туралы» (20.04.1993 ж.), «Білім беру туралы» (07.07.1999 ж.), «Ғылым туралы» (20.09.1999 ж.) жаңа заңдар мен сол заңдарға байланысты үкіметтің қаулы-қарарлары қабылданды. Сол жылдарда осы заңдар мен қаулыларды жүзеге асыру үшін бүкіл еліміз бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылды. Саралау-сараптау жұмыстары жүргізілді. Оған арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен ғылыми семинарлар өтті. 1993 жылы еліміздің танымал ұстаз-ғалымдарының дайындап ұсынуымен «Білім беруді мемлекеттік қолдаудың ұлттық бағдарламасы» дүниеге келді. 1996 жылы Қазақ елі білім беру жүйесін реформалаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы дайындалды. Ал 2000 жылы 25 тамызда «Мемлекеттік міндетті білім стандарты» қабылданып, содан кейін көп кешіктірілмей, 2000 жылы 30 қыркүйекте Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2005 жылға дейінгі кезеңге арналған білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары анықталған Отанымыздың «Білім беру» бағдарламасы бекітілді. 2004 жылы осы бағдарлама нарықтық экономика жағдайына және оның жаңа талаптарына лайықталып әрі онда ұлттық білім беру компоненттері қамтылып, қайтадан бекітілді. Қазіргі таңда еліміз «Қазақстан Республикасында білім берудің 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша білім беру қызметін жүзеге асырып келеді. Осы бағдарламада білім беру саясаты мен оның жүйесінің негізгі бағыттары, басымдықтары айқындалған, білім беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізу мен оның мазмұнын өзгерту, білім берудің сапасын арттыру және білім берудің барлық деңгейінде материалдық-техникалық базасын нығайту, педагог қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары нақты көрсетілген.

Қазақстан Республикасының білім саясаты мен білім жүйесінде елеулі бетбұрыс Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылы жасалған «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзiмдiк стратегиялық бағдарламасы өмірге келгеннен басталды. Әрине, бұл – оған дейін қазақстандық білім саясаты мен жүйесінде жаңару болған жоқ, оған жаңа технологиялар енбеді деген сөз емес.

Содан бері бүкіл еліміз бойынша Елбасы атап көрсеткен мәселелерді жүзеге асыру үшін ғылыми-практикалық жобалар мен тұжырымдамалар және стратегиялық бағдарламалар жасалып, қыруар жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1 мыңға тарта жаңа мектептер салынып, 5 мыңдай балабақшалары мен балалар мекемелері ашылды. Қазақстан көлемінде бұрын, негізінен, ауылдық жерлерде ғана болып келген қазақ мектептерінің саны қалаларда да артып қоймай, олардың көпшілігі жаңа заманның білім-ғылымымен қаруланған жас педагог-мамандармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

2005 жылдан бастап еліміздегі педагогикалық оқу орындарын қайтадан қалпына келтіру ісі қолға алынды. Абай атындағы педагогикалық университеті ұлттық мәртебеге ие болды. Бұған қоса Ақтөбе, Павлодар, Тараз, Семей, Қостанай қалаларында бес аймақтық педагогикалық институттар ашылды. Бүгінгі таңда осы оқу орындары өркениетті елдер үрдісінде жас ұрпаққа әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру ісін жүзеге асырып келеді.

Білім беру саласын онан әрі жетілдіру, әлемдік білім стандарттарына қол жеткізу жөніндегі Елбасы алға қойып отырған міндеттерді және замана талаптарын орындау үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы жұмыла еңбек етуде. Оқу орнымыздың 2007 жылы Италияның Болон университетінде Университеттердің Ұлы хартиясына қол қоюы, Дүниежүзінің таңдаулы 150 университеті мүше болып отырған Әлем университеттері қауымдастығына, Еуропа университеттері ассоциациясына мүше болуы осындай игілікті істің көрінісі. Бүгінде ҚазҰПУ жоғары білікті кадрлар даярлауда бакалавриаттың – 51, магистратураның – 52, докторантураның 18 мамандығы бойынша білім беру нарығында маңызды рөл атқаруда.

Болашақ мамандарға білім беру және ғылыми жұмыстар жүргізу университеттің 7 институтында жүзеге асырылады. Олар: Математика, физика және информатика, Педагогика және психология, Филология және көптілді білім беру, Өнер, мәдениет және спорт, Жаратылыстану және география, Тарих және құқық, Сорбонна-Қазақстан институттары. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беруді ұйымдастыру, жастарды оқу орнына дайындау мақсатында биыл дайындық факультеті ашылды.

«Сорбонна-Қазақстан» институты – ғылыми білім беру және мәдениет салаларындағы қазақ-француз әріптестігін онан әрі нығайтатын алтын көпір. Ол 2014 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олландтың тікелей қолдауымен өмірге келген оқу ордасы, білім беру саласындағы екі елдің бірлескен жобасының жарқын дәлелі. Бұл – «Париж қаласының Сорбоннасы».

Өткен 2015/2016 оқу жылында «Сорбонна-Қазақстан» институты ең алғашқы түлектерін ұшырды. Мұнда «Менеджмент» және «Халықаралық қатынастар» мамандықтарының 42 магистрі Абай атындағы ҚазҰПУ мен «Париж қаласының Сорбоннасы» университетінің дипломдарын қатар алып шықты. Абай атындағы ҚазҰПУ–дың аталған халықаралық жобаны жүзеге асыруы тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия, ТМД елдері жастарының да Еуропалық үлгідегі білім алуына жол ашты.

Ғалым-педагогтарымыз жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтары бойынша соңғы үш жыл ішінде қазақ және орыс тілдерінде 240 жаңа типтік оқу бағдарламасын жасады. Оның 114-і бакалавриат, 66-сы магистратура, 60-ы доктор PhD пәндерін қамтиды. 774 оқулық шығардық. Оның 152-сі жоғары оқу орындарына, 622-сі жалпы білім беретін орта мектептерге арналған. Оған қоса 679 оқу-әдістемелік құралдар әзірленді. Бұл жерде орта мектептерге арналған оқулықтар даярлаған 42 авторлық ұжымның бәрі негізінен біздің университет ғалымдары екенін атап айтқан орынды. Бұл біздің оқу орнының алтын қоры болып есептеледі.

Соңғы жылдары біздің университеттің профессор-оқытушылары 23 педагогикалық мамандыққа арналған 71 оқу стандарттарын, оқу бағдарламаларын жасауға кірісті. Оған Кембридж университеті, Германияның Фрайбург университеті, Сингапур көркем білім беру университеті, Ұлыбританияның Йорк университеті және Австралияның Монаш университеті ғалымдары атсалысты.

Педагогикалық мамандықта оқып жүрген студенттеріміз үшін бүкіл оқу кезеңінде педагогикалық практика үздіксіз жүргізіледі. Студенттеріміз өндірістік және педагогикалық практика базасымен толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда біз практикалық базалармен 198 келісім-шарт жасасақ, оның 178-і білім беру мекемелерімен жасасқан келісімдер. Сонымен бірге, университеттің «Ұстаз» деп аталатын оқу-өндірістік комбинаты бар. Мұнда студенттердің далалық практикасы өткізіледі. Алматы облысының Жаңашар ауылдық округі аумағында студенттердің оқу-өндірістік сабақтарын өткізуге арналған аумағы 40 гектар болатын агро-биостанция аштық. Түлектерімізді әр жылы 85% жұмыспен қамтуға қол жетіп отыр. Бұл республикалық көрсеткіштен едәуір жоғары.

Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келген «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы бүгінгі таңда мемлекеттік идеологиямыздың өзегі болып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын осы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы айқындайды. Ол жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа, ұлтжандылыққа, азаматтық-адамгершілік бағдарға, рухани асыл қасиеттерге, ел болашағына деген сенімге тәрбиелейтін басты құндылық болып табылады. Сондықтан біздің жастарымыз «Мәңгілік Ел» идеясының бүкіл қасиеттерін бойларына сіңіріп, Тәуелсіз Қазақстанның құрыштай тірегі болып қалыптасуы үшін біз республикада бірінші болып «Мәңгілік Ел» пәнін бүкіл орта арнаулы және жоғары оқу орындарына енгізу туралы бастама көтердік. Бұл бастама Үкімет тарапынан және бүкіл ел бойынша кеңінен қолдау тапты. Осыған орай, біз «Мәңгілік Ел» оқу курсының тұжырымдамасы, оқу бағдарламасын жасап, «Мәңгілік Ел» оқулығын қазақ және орыс тілдерінде шығардық. Бұл оқу курсы еліміздегі ЖОО-лардың барлық мамандықтарында оқу үдерісіне енгізіле бастады.

«Ұлттық тәрбие» жобасы болашақ педагогтың ұлттық сана-сезімін, ұлтаралық қатынас мәдениетін, азаматтық және патриоттық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Қазір «Ұлттық тәрбие» тұжырымдамасы, типтік және жұмыс бағдарламасы, дәрістер курсы, «Ұлттық тәрбие» оқулығы оқу үдерісінде кеңінен қолданылуда. Осы жобаға байланысты университет жанынан «Ұлттық тәрбие» жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесі құрылған, пікір-сайыс клубы жұмыс істейді. «Ұлттық тәрбие» журналы шығарылып келеді. Ұлттық тәрбие жөнінде шығарылған зерттеу еңбектері циклының авторлары Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Педагогикалық білім берудің сапасын арттыру үшін «100 нақты қадам: қазіргі мемлекет – барлығы үшін» Ұлт жоспары аясында және Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында университетіміз «Үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы» жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында кейінгі екі жылда шетелдік әріптес жоғары оқу орындарында 108 білім алушымыз, оның ішінде 69 студентіміз, 39 магистрантымыз семестрлік оқу курсынан өтті. Сондай-ақ жоғары білімнен кейін білім алушы 1163 адам, оның ішінде 48 докторант ғылыми тағылымдамаларда болып қайтты. Оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Бүгінгі таңда Абай атындағы университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше.

«Білім мен тәрбие — егіз» деген ұлағатты сөз ежелден бар. Тәрбие жұмысын оқу топтарындағы кураторлар арқылы жүргізу жеткіліксіз екенін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Сондықтан біз тәлімгерлік тәрбиені қолға алғанымызды айта кетуім керек. Күндізгі бөлімде оқып жүрген студенттерді курсына, оқу топтарына қарай өзіміздегі барлық профессорлар-оқытушыларға, қызметкерлерге бес, оннан бекітіп бердік. Бұл тәлімгерлер өзіне бекітілген әрбір студентпен жеке-жеке жұмыс атқаруға міндетті. Студенттің қалай оқып жүргені, сабаққа қатысуы, аралық сынақтар мен семестрлік сындарды қалай тапсырып жүргені, жеке басы мен отбасылық жағдайы туралы тәлімгер ұдайы біліп отыруы, онымен тәрбие мәселесі туралы әңгімелер өткізіп, ақыл-кеңестерін беруі тиіс.

Ал енді ұлттық тәрбие неге керек деген сұраққа келейік. Біріншіден, ұзақ жылдар Ресейдің бодандығында, кеңестік кезеңнің коммунистік және әсіресе «интернационалистік» идеологиясының салдарынан тілімізді, дінімізді, ұлттық салт-дәстүріміз бен қазақы қалпымызды жоғалтып ала жаздаған жайымыз бар. Өз тілін білмейтін, өзінің қазақ екенін мойындағысы келмейтін, ұлтына, еліне жаны ашымайтын мәңгүрттік санаға бой алдырған ұрпақтың үлкен легі қалыптасты. Бұл біздің болашағымызға аса қауіпті. Онымен күресеміз деп жүргенде әлемдік жаһандану үрдісі тағы келіп килікті. Алдымызда үлкен сұрақ тұр: ұлт болып қаламыз ба, жоқ па? Ал жаһанданудың жал-жал толқындарында жағаға шығуға қайрат қыла алмай жұтылып кетпейміз бе? Өйткені, жаһандану жағдайында батыс өркениеті, оның қауіпті ықпалы жан-жағын жалмап келеді. Осы үрдіс барысында батыс мәдени-рухани құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы ұлттық сипатының жоғалуына түрткі болуы мүмкін. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы мен технологиясы біздер үшін қажет-ақ. Ал ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдылық сезімімізді олар басып-жаншып, «жұтып» қоймай ма? Дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды, батыс елдеріндегі сияқты, тауар деп қабылдамайды, қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік мазмұн ретінде қарастырады. Алайда, қазақ қоғамы қазір жаһандану үрдісінен оқшау бола алмайды, жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылысты жеңе алады. Егер жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа қарай икемдей алмасақ, оның ықпалына түсіп, жалаң еліктеуге ұрынатын болсақ онда мемлекет те, ұлт та болып жарытпаймыз.

Енді осы құбылысқа қарсы тұру үшін не істеуіміз керек? Меніңше, оның ең тиімді үлгісі – ұлттық тәрбие және ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру арқылы ғана біз өзіміздің ұлттық болмыс-бітімімізді, қайталанбас қазақи мінез-құлқымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қала аламыз. Бүгінде жастарды жаһандану үрдісінің ықпалынан, яғни, мәңгүрттіктен, ұлтсыздықтан, космополитизмнен, нашақорлықтан, жезөкшеліктен, бас айналдырар әртүрлі діни ағымдардың ықпалынан, мейірімсіздіктен сақтап қалу мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бұл үшін, әрине, ұлттық тәрбие қажет. Меніңше, «Ұлттық тәрбие» пәнін еліміздегі барлық мектептерде, жоғары оқу орындарында жаппай енгізетін кез келді. Тіпті ұлттық тәрбиені балабақша табалдырығынан бастасақ та артық емес.

Біздің университеттегі соңғы жылдардың жаңалығы – «Абайтану» орталығын ашып, оқу үрдісіне «Абайтану» пәнін енгізуіміз. Ұлы Абай мұралары – телегей-теңіз мұхиттай шалқар дүние. Данышпан ойшыл ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі әрбір ой терең философия, тұнып тұрған даналық өнегелері, ондағы әрбір тұжырым, ой тамшысы үлкен бір зерттеудің аясына сыймайды, оны әр жолы зерделеп қараған сайын, теңіз түбінен алынған саф маржандай, сан түске бөленіп, сәуле шашып тұратыны – ғажайып құбылыс. Сондықтан Абай көзқарастарына, философиялық ой-пікірлеріне аса ыждағаттылықпен, үлкен зерделілікпен қарап зерттеу керек.

Ел Тәуелсіздігі және білім саясаты дегенде, ең әуелі осы жағдайлар еске түседі. Алдағы уақытта абыройы мен беделі Еуропаның ең атақты университеттерімен теңеседі деп отырған Астанадағы «Назарбаев университет» пен еліміздегі басқа да халықаралық жоғары оқу орындары, Назарбаев зияткерлік мектептері, біздің оқу орнымыздағы болып жатқан түбегейлі өзгерістердің бәрі, шын мәнінде, ел тәуелсіздігінің жемісі екенін мақтанышпен атап өткім келеді.

Серік ПІРӘЛИЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университетінің ректоры, ҰҒА академигі

"Егемен Қазақстан" газеті