Фото: Welcome.kz
Биылдан бастап ұлттық спорт түрлері Қазақстанда олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болады, деп хабарлайды Ult.kz.
Маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы ұлттық спортты жоғары жетістіктер спорты ретінде мақсатты түрде дамытуды және қаржыландыруды көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ұлттық спорттың маңыздылығына ерекше тоқталып, оны мәдени бірегейлік пен ұлт саулығын тәрбиелеудің маңызды құралы деп атады.
Қазіргі таңда елімізде 11 ұлттық спорт түрі белсенді түрде дамып келеді. Олар: асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ. Олардың ішінде құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
2024 жылғы қыркүйек айында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұлттық спорттың абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. 89 елден келген 2700 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 112 медаль (оның ішінде 43 алтын) иеленіп, жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті.
Сондай-ақ ел аумағында жыл сайын «Ақбидай» ауыл спорт ойындары, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі және түрлі этноспорт фестивальдері мен чемпионаттар ұйымдастырылады.
Ұлттық спорт түрлерінің дамуы – ұлттың мәдени тамырын нығайтып, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды сіңірудің маңызды тетігіне айналып отыр.
