12 қар, 2022 сағат 21:16

Ұлттық құраманың бас бапкері Адиевпен келісімшарт мерзімі ұзартылды


Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиевпен келісімшарт мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясынан мәлім етті. Жаңа келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін белгіленген.

«Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы жеңісі отандық футболдың тарихына енді. Тәжірибелі бапкер Магомед Мұсаұлын шақырып, алғашқы міндеттерді орындай алдық. Енді мақсат – 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі мен өтпелі ойында жоғары нәтижеге қол жеткізу», - деді федерация президенті Әділет Барменқұлов.

Айта кетейік, Магомед Адиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып биыл мамыр айында тағайындалды. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионында өз тобында бірінші орын алды. Нәтижесінде, алдағы уақытта аталған турнирдің В дивизионында ойнауға мүмкіндік туды.

Сондай-ақ, келісімшартқа қол қойғаннан кейін Магомед Адиев пікір білдірді.

«Федерация басшылығына сенім білдіргені үшін, командаға жанкешті ойын, жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Біз басты міндет – «В» Лигасына шығу жоспарын орындадық. Енді 2024 жылғы Еуропа чемпионатының алдағы ойындарында жаңа жетістіктерге жету үшін құрамамен жұмысты жалғастырғым келеді», - деді ол.