08 жел, 2020 сағат 14:37

Ұлттық қордың активі 58 млрд долларға жетті

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ұлттық қор активтері туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алдын ала дерек бойынша ұлттық қордың активтері қарашаның соңында бір айда шамамен $1,7 млрд долларға ұлғайып, $58 млрд долларға жетті. 

«Бұған дейін атап өткенімдей, вакцинаның сәтті болуы туралы жаңалықтар, сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялардың тоқсандық есептілігіндегі оң деректерді қаржы нарығының қатысушылары жақсы қабылдады. Нәтижесінде акциялардың негізгі индекстерінің біршама өсуі байқалды. Мәселен, MSCI жаһандық акциялар индексінің кірістілігі қарашада 12,8% болды. Нарықтарда байқалған оптимизм аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қарашада $2 млрд долларды құрады, оның ішінде $1,6 млрд доллардан астамы акциялар портфелі есебінен болды. Ағымдағы жылдың басынан бастап инвестициялық кіріс шамамен $3 млрд долларға жетті», – дейді спикер.

Республикалық бюджетке 230 млрд теңге сомасында кепілдік берілген трансферт бөлу бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында қарашада ұлттық қордың валюталық активі шамамен $541 млн доллар сомасына сатылды. 

Бұл ретте қарашада ұлттық қорға түскен валюталық түсім $198 млн долларды құрады.