02 қыр, 2021 сағат 09:40

Ұлттық қордан берілетін трансферттердің көлемін шектейтін қағида енгізілмек


Микроқаржы ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге қажетті шешімдер топтамасы дайындалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Жолдауда қаржылық тұрақтылық қорының шексіз емес екенін де атап өтті. Бүгінгі күні бюджет тапшылығын және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді арттыру есебінен өсуі толықтырылып отыратын мемлекеттік шығыстардың айтарлықтай ұлғаюы проинфляциялық қысымның қосымша көзі болып саналады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық қордан берілетін трансферттердің көлемін және мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектейтін контрциклдық бюджеттік қағида енгізілетін болады. Бұл үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулерді әзірлейді және тиісті тәсілдер Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында бекітіледі», - деді Досаев. 

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы қыркүйекте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін ұзартылатынын айтты. 

«Кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті кредиттеуді одан әрі дамыту үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге қажетті шешімдер топтамасы дайындалатын болады», - деді ҰБ басшысы.