ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов коронавирус індеті өршіп тұрған кезде жіберілген қателіктерден сабақ алу қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирусты бәрі дайындықсыз қарсы алды», - деді Марат Шибұтов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өткізген AntikorLive жобасында.
Ол коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Қазақстан үшін өзекті мәселе не болғаны туралы айтты.
«Дағдарыс кезінде еліміздегі кейбір құрылым жоқ болып кетті. Бәрі қалыпқа келген кезде ғана олар көзге көрініп, баспасөз хабарламасын тарата бастады. Ал халыққа керек кезде көзден таса болды. Алдағы уақытта мұндай қателікке жол бермеуіміз керек. Қателіктен сабақ алып, жүйедегі кейбір құрылымның әрекетсіз отыруына жол бермеуіміз керек. Мысалы, не үшін жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басқа жаққа тасымас үшін немесе ешкім ұрлап кетпесі үшін гуманитарлық көмекті қадағалауға мәжбүр болды? Бұл нені білдіреді? Бұл коронавирус індеті өршіп тұрған кезде «СК-Фармация» дұрыс жұмыс істемегенін, қоғамның оған сенімі болмағанын білдіреді», - деді ол.
Ол осы компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалу барысында басқа да былықтары ашылуы мүмкін екенін атап өтті.