07 жел, 2018 сағат 09:04

Ұлттық иммунитет немесе азаттықтың құны


Үш ғасырға жуық жан берісіп, жан алысқан алапат күрестен кейін азаттығымызды алып, тәуелсіз Қазақстанды жасадық. Бірақ, азат ойлы, тәуелсіз қазақты жасай алдық па?! Италияндық ойшыл Азалияның: «Біз Италияны жасадық, енді италияндықтарды жасауымыз керек», - деген сөзі біздің хәлімізді дөп басатындай. Иә, азаттық алаш баласына арзанға түскен жоқ. Алайда, халқымыз киген бодандықтың қара ноқтасы алпауыт империялардың тарапынан талай мемлекеттерге салынған болатын. Патша үкіметінің құрығы Балтық жағалауындағы елдерге де жетіп, жер-жаһанды жаулап алуға тырысып бақты. Бірақ, тоталитарлық саясаттың езгісінде болған өзге елдер біз сияқты  отарлық сананы қабылдаған жоқ. Өйткені, олардың рухы азат еді. Ал біздегі жағдай қалай болды? Ғабиден Мұстафин тіліне тиек еткендей «ұлтшылдықпен күрескен» дәуірде қанқұйлы саясат қазақтың қолымен жүзеге асты.  Алтын бел, күміс құрсақтан шықсаң да өз қандасың қару көтеріп, басыңа қамшы ойнатып жатқанда жүнің жығылып, жасымай қалу қиын іс.

«Қинамайды түрмесіне жапқаны,

Қинамайды атқаны.

Қинайды тек өз итімнің,

Балағымнан қапқаны»,-деп Ахаңның күңіренетіні осы кез. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың оқығандары «ақ болсын, қызыл болсын бәрібір, мен тек қазақ ұлтын тебіннен құтқарып, соның мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» деген сөзін іс жүзінде дәлелдеп, сол жолда жанын құрбан қылуға дайын болғанмен дәл ол кезде тұтас ұлтта мұндай иммунитет жоқ болатын. Сұрапыл заманның сұмдығын өткеріп, қар кешіп, мұз жастанса да азаттық үшін арда басын бәйгеге тіккен азаматтар арманда кеткен дүние – ұлттық иммунитет қалыптастыру. Халел Досмұхамедов: «Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан әлеуметшілікті туғызамыз деген дәуірде тұрмыз. Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуға мүмкін емес»,-деп жазады.

 Ол кезде «қазақтың қажетіне жараймыз» деген тілекті алдыға тартқан топтың өзі екіге жарылды. Мақсат – біреу, мүдде – біреу, ал жол – бөлек еді. Ұлттық мүддені көздеген ортақ мұратқа қарамастан ауызбіршіліктің жоқтығынан бір терінің пұшпағын илей алған жоқ. Өзгелердің қаңғыма сөз, қаяу салар ісіне кешіріммен қараған, жеке басының қалауын құрбан етіп, ұлттың тыныштығы жолында құн етіп беруге даяр азаматтар аз болды. Әлихан Бөкейханов бұл туралы: «Сөз айыр шықты деп әдепсіздік тіл көрсеткен де бауырым бар. Талас дүния – ғұмыр сифаты, талыс-тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді. Айыр сөзде айып жоқ. Ақылға саңырау да айып»,-деген болатын.

 ХХ ғасырдың басы қазақ үшін «түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген заман» болып тарих беттерінде қанмен қашалып қалды. Иә, бұдан ғасыр бұрын «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алған» арыстардың қысылтаяң кезеңнің өткелінде тұрып Алашорда үкіметін құруы – ерлікке  парапар іс. 1917 жылы желтоқсан айының 12-ші жұлдызында ақ түйенің қарны жарылып, Алашорда үкіметінің уығы қадалды. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы санында бұл туралы Әлімхан Ермеков: «... желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды»,-деп тебірене жазды. «Артына өлмейтұғын сөз қалдырған» азаматтардың алаш дегендегі арманы ендігі ұрпаққа артылар міндет. Ал келте ғұмырларында елдің тыныштығы, ұлттық мемлекеттілік үшін күрескен жандардың рухына тағзым!

Шынәділ Салтанат