13 нау, 2019 сағат 11:07

Ұлттық экономика министрі Мәдина Әбілқасымованың тағайындалуына пікір білдірді

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өзі басқарып отырған ведомствоға Мәдина Әбілқасымованың келуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық вице-министрлер Үкімет шешімімен тағайындалады. Мәдина Әбілқасымова осыған дейін Ұлттық экономика министрлігінде қызмет еткен болатын, яғни халықаралық блокпен айналысты. Енді жаңа қызметінде де осы бағытқа жауапты болады. Менің алдыма бірқатар міндеттер (Үкімет тарапынан - авт.) қойылды, сәйкесінше жұмыстың жемісті болуы үшін өзімнің орынбасарларымнан талап етемін.  Бүгінде менің бес орынбасарым бар», - деді Р. Дәленов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, министр уақыттың тығыздығынан жаңа тағайындауға байланысты әлеуметтік желідегі пікірлерге қараудың реті болмағанын айтты.

«Мен қарамағымдағы адамдардан жұмыстың орындалуын талап етемін. Олардың еңбекақысы арнайы кестемен реттеледі, вице-министрдің еңбекақысы министрге қарағанда төмендеу», - деді Руслан Дәленов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Үкіметінің Қаулысымен  Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

Осыған дейін ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында болған еді.