21 қаң, 2021 сағат 11:02

Ұлттық банкте ақша-кредит саясатымен айналысатын комитет құрылды

Ұлттық банкте ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйектегі жолдауындағы тапсырмасына сәйкес құрылды. Бұл комитет Ұлттық банк басқармасымен және директорлар кеңесімен қоса жұмыс атқарып жүрген қызметкерлерден тұратын үшінші орган болады", – делінген банк хабарламасында.

Комитет құзыретіне базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдау, ақша-несие саясатының негізгі операциялары бойынша пайыздық мөлшерлемені белгілеу кіреді. Сондай-ақ, ұлттық банк басқармасының айрықша құзыретіне кірмейтін ақша-кредит саясатының басқа мәселелері бойынша шешім қабылдайды.

Комитет қазір жұмыс істеп жүрген қызметкерлерден құрылып, құрамына тәжірибелі тәуелсіз мүшелер қабылданды.

Сондай-ақ, ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет инфляцияға бағытталған елдердің тәжірибесі негізінде құрылды.

Айта кетейік, мемлекет басшысының жолдауында ақша-кредит саясатына жаңаша көзқараспен қарау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, ұлттық және халықаралық инвесторлар тарапынан теңгеге деген сенім дағдарысы болғанын атап өтті.

"Экономиканы әртараптандырудың төмен деңгейі және бағамның құбылмалы болуы шетелдік, әсіресе шикізаттық емес секторларда инвестиция ағынын тежейді. Валюта нарығын реттеу, капитал қозғалысы проблемалары да кері әсер етеді. Экспорттық кірістің едәуір бөлігі шетелде қалып, ішкі валюта нарығына да кірмейді", – делінген Президент Жолдауында.

Осыған байланысты ақша-кредит саясатының ынталандырушы рөлін күшейтуге қатысты шаралар қолға алынуда.