Фото: Akorda.kz
Тимур Сүлейменов Қазақстан Ұлттық Банкінің жаңа басшысы болды. Сенат депутаттары 4 қыркүйекте өткен Палата отырысында жаңа төрағаны тағайындауға келісім берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сүлейменовтің кандидатурасын сенаторларға Мемлекет Басшысының ұсынысы негізінде Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов ұсынды.
"Тимур Мұратұлы төрт жылдан астам Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді, әлеуметтік-экономикалық даму блогын басқарды, осы саладағы реформаларды іске асыруға белсенді қатысты. Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігін басқарған. Оның жеке қасиеттері мен біліктілігі Ұлттық банктің қызметін жетілдіре алады. Сүлейменов Тимур Мұратұлының Ұлттық банк басшысы лауазымына кандидатурасын қолдауды сұраймыз", - деді Бектенов.
Депутаттар ашық дауыс беруде Сүлейменовтің кандидатурасын қолдады.
"Тимур Сүлейменов - білікті маман. Оның кандидатурасы Сенаттың Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды", - деп атап өтті комитет төрағасы Сұлтанбек Мақежанов.