12 мам, 2022 сағат 11:42

Ұлттық банк төрағасы теңгенің құбылмалығына қатысты пікір білдірді


Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов теңгенің құбылмалық қаупінің сақталатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол сәуірде әлемдік қаржы нарығындағы құбылмалыққа қарамастан, теңге бір долларға 445,62 теңгеге немесе 4,6 пайызға қымбаттағанын еске салды.

"Сәуірде шетел валютасына сұраныс айтарлықтай төмендеді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 179 миллион доллардан 92 миллион долларға дейін азайды. Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті, олар шамамен 253,2 миллион доллар болды", - деді Пірматов Үкімет отырысында.

Ұлттық банктің мәліметінше, сәуірде Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударымдарды қамтамасыз ету үшін шетел валютасын сату 168,3 миллион доллар болған. Ұлттық қордан түскен сату үлесі жалпы сауда көлемінің 8,7 пайызын құраған.

"Сәуірде ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы аясында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүргізген жоқ. Қысқа мерзімді перспективада геосаяси жағдайдың белгісіздігіне байланысты теңгенің құбылмалық тәуекелдері сақталады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жиналуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді айырбас бағамы режимін сақтауды жалғастырады", - деп қосты Пірматов.