08 жел, 2020 сағат 14:25

Ұлттық банк теңгенің нығаюына не себеп болғанын түсіндірді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қараша айындағы валюта нарығы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, АҚШ-тағы сайлау нәтижесі жөніндегі белгісіздікке байланысты тәуекелдердің төмендеуі және Covid-19-ға қарсы вакцина жетістіктері туралы хабарламалар ұлттық валютаның нығаюына әсер етті. Қараша айында оң нәтиже қалыптасты. Сонымен қатар мұнай бағасы өсті. 

«Сыртқы нарықтағы, сол сияқты ішкі нарықтағы жалпы позитивке байланысты қарашада теңге бағамының бірқалыпты нығаюы болды.

Қарашадағы басты жаңалық - бірнеше фармацевтикалық компанияның коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан сәтті өткізуі. 9 қарашада Pfizer және BioNTech компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы әлеуетті вакцинаның сынақтар кезінде 90%-дан астам тиімділікті көрсеткені туралы хабарламалар пайда болды. Кейінірек, 16 қарашада тиімділігі 94,5% болған Moderna компаниясының вакцинасын сынаудың оң нәтижелері жарияланды. Вакциналарды пайдалану және көмірсутектерге сұранысты қалпына келтіру бойынша күтулер аясында мұнай бағасы қарашаның қорытындысы бойынша бір баррель үшін 37,5 доллардан 47,6 долларға дейін немесе 27%-ға өсті», – дейді Әлия Молдабекова.

Мұнай бағасынан және жаһандық нарықтардағы инвесторлардың тәуекел дәрежесінің жалпы артуынан басқа, салық аптасы айдың соңында теңгенің нығаюына қосымша фактор болды. Қараша – салық айы, ал экспорттаушылар салық төлемдері үшін шетел валютасын ірі көлемде сатты.

Барлық осы факторлардың жиынтығы қарашадағы теңгенің серпініне оң әсер етті. Нәтижесінде бір айда теңге 432,64-тен 423,87-ге дейін немесе 2%-ға нығайды.

«Шынында да, қарашада көптеген дамушы елдердің валюталары позитив негізінде өсті. Бразилия реалы 6,6%-ға, Мексика песосы мен Оңтүстік Африка ранды 4,7%-ға нығайды. Жалпы қозғалыспен бірге кейбір валютаға жергілікті факторлар да әсер етті. Ресейде – бұл рубль 3,7%-ға өскен салық кезеңі. Түркияда Орталық банк пен Қаржы министрлігі басшыларының жұмыстан босатылуы негізгі мөлшерлеменің 15% деңгейіне дейін 4,75 проценттық пунктқа көтерілуі аясында лираның 6,2%-ға нығаюына кедергі болған жоқ. Желтоқсанның басында бұл үрдіс жалғасып, теңге де қалыс қалған жоқ, желтоқсанның басынан бастап бағам бір доллар үшін 423,87 теңгеден 421,51 теңгеге дейін немесе 0,6%-ға нығайды. Негізгі себеп – мұнай нарығындағы оң серпін», – дейді Ұлттық банк өкілі.

Желтоқсанда мұнай нарығындағы «ралли» ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайтудың қалыпты қарқыны туралы уағдаластыққа қол жеткізуіне байланысты жалғасты. 2021 жылдың қаңтарынан бастап өндіруді ұлғайту бұған дейін жоспарланған көлемнің төрттен бірі тәулігіне 500 мың баррельді құрайды, бұны әлемдік нарықтар оң қабылдады. 4 желтоқсанда мұнайдың бағасы 2020 жылдың наурызынан бері алғаш рет бір баррель үшін $49 доллардан асты.

Сонымен қатар, ол қараша валюта нарығы үшін сыртқы және ішкі факторларға қолайлы болғанын жеткізді.

«Жоғарыда атап өткенімдей, шетел валютасын ұсынудың ұлғаюы экспорттаушылардың салық төлемдеріне маусымдық сатуларымен қамтамасыз етілді. Ұлттық қордан сатулар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $ 244 млн долларға валюталық түсімді сатуы ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетті», – дейді Әлия Молдабекова.