31 қаз, 2018 сағат 11:16

Ұлттық банк: Теңге жыл басынан бері 10,9% әлсіреген

Валюта нарығындағы теңге бағамы 2018 жылдың басынан 30 қазан аралығында бір АҚШ доллары үшін 368,55 теңгеге дейін 10,9%-ға әлсіреді. Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев осылай деді.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Бұл АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы және Ресейге қарсы санкциялардың болашақта қатаңдатылатыны туралы мәлімдемелер.

«Аталған бағамдық саясат алтынвалюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Ұлттық банкінің алтынвалюта резервтері қыркүйектің соңында 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 86,3 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Данияр Ақышев.

Сонымен қатар, төраға Қазақстан Ұлттық банкі 2019 жылы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратынын айтты.

Бұған дейін Ақышев Ұлттық банк инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұруға тырысатынын айтқан болатын.

baq.kz