ҚР Ұлттық банкі ақшаны айырбастау пунктерінде шетел валютасын сатып алу бағасы сату бағасынан ауытқу шегін белгілейтін жоба әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Ұлттық банкі «Айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын теңгеге сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы» «ҚРҰБ Басқармасының 2020 жылғы 14 шілдедегі №86 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» жобаның әзірленіп жатқанын хабарлайды.
Жоба айырбастау пунктері арқылы жүзеге асырылатын операциялар бойынша қолма-қол шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін АҚШ доллары үшін – 6 теңгеден 15 теңгеге, еуро үшін – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін арттыруды ұсынады, қолданылу мерзімі 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін.
Ұсынылып отырған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді азайтуға, сонымен қатар валюта бағамы төңірегіндегі құбылмалылықтың күшеюіне байланысты қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталған», - делінген ҰБ хабарламасында.
Қаулы жобасының толық мәтінімен Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайтында танысуға болады.