08 қаз, 2020 сағат 10:27

Ұлттық банк наурыздан бастап $232 млн көлемінде валюталық интервенция жүргізген

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қыркүйектегі валюта нарығының ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қыркүйекте нарықтар өте құбылмалы болды. Коронавирустың екінші рет қайталануы Еуропаның бірқатар елдерінде және Ұлыбританияда байқалып отыр, бұл бірінші кезекте, былайша айтқанда «сентиментке» немесе әлемдік нарықтардағы ахуалға әсер етеді. Бірқатар әлемдік орталық банктердің негізгі мөлшерлемелер бойынша шешімдері, геосаяси тәуекелдердің өсуі, сондай-ақ АҚШ-та алдағы уақытта болатын президент сайлауы ерекше назарда болды», - деді Әлия Молдабекова.

Аустралияның, Канаданың, Еуроаймақтың, Англияның, АҚШ-тың, Ресей мен Қытайдың орталық банктері негізгі мөлшерлемелерді бұрынғы деңгейде сақтады. 

ФРЖ инфляция 2%-дан асқанға дейін мөлшерлемені 0,00–0,25% деңгейінде ұстап тұруға ниетті.

«Коронавирус жағдайына байланысты алаңдаушылық инвесторларды АҚШ-тың қазынашылық облигациялары сияқты қауіпсіз активтерге көшуге итермеледі. Америка валютасының дамыған нарықтардың негізгі валюталарына қатысты серпінін көрсететін доллар индексі екі айлық шарықтау шегіне жетіп, қыркүйектің соңына қарай 1,9%-ға нығайды. Дамыған нарықтармен қатар дамушы елдердің валюталары бір айда төмендеді: түрік лирасының құлдырауы 5,2%, Ресей рублінің төмендеуі 4,9%-ға жетті. Бұл ішінара нақты себептерге байланысты болды, ал Мексика, Бразилия және Индонезия валюталары 2,2% – 2,7%-ға төмендеді», - деді ол.

Оның айтуынша, короновирустың екінші рет қайталануына байланысты қауіптену, АҚШ-тағы президенттік сайлауға дейін тәуекелге барудың төмендеуі және қаржы нарықтарын қолдау үшін қосымша өтімділікті енгізуге қатысты ФРЖ тарапынан нақты сигналдың болмауы аясында S&P500 және MSCI World қор индекстері қыркүйекте сәйкесінше 3,9-ға және 3,6%-ға азайды.

Қыркүйекте Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 10%-ға төмендеп, маусымдағы деңгейіне қайта оралды. Сұраныстың ықтимал шектеулері мен ұсыныстың артуы туралы жаңалықтар мұнай бағасына қосымша қысым көрсетті. Ливия тау-кен кәсіпорындары Ливия ұлттық армиясының мұнай кен орындары мен порттарды сегіз айлық қоршаудан кейін мұнай өндіруді қайта бастағанын мәлімдеді. Ал Үндістанда мұнайға сұраныс кеміген.

Сондай-ақ Әлия Молдабекова Ұлттық банктің нарықтардағы құбылмалылық және мұнай нарығындағы бағалардың төмендеуі жағдайындағы іс-қимылдары туралы да айтты.

«Теріс сыртқы факторлардың жиынтығы валюта нарығындағы сұраныстың артуына әкелді. Қыркүйекте биржадағы сауда-саттық көлемі $2,6 млрд-қа жетті. Бұл нарықтардың құлдырауы болған наурызды қоспағанда, жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

«Мұнай нарығы сияқты дамушы елдер валюталарының серпіні жағынан да сыртқы факторлар күрт нашарлаған соңғы үш айда артық құбылмалылықты реттеу мақсатында Ұлттық банк ағымдағы жылғы наурыздан бастап алғашқы рет $232 млн көлемінде валюталық интервенция жүргізді. Сату биржа нарығында алтынвалюта активтерінен жүзеге асырылды және жалпы үрдіс қалыптасуына әсер етпеді. Тұтастай, бір ай бойы шетел валютасына сұраныс артуына қарамастан, кепілді трансфертті қамтамасыз ету шеңберінде Ұлттық қордан шамамен $551 млн теңге мөлшерінде сатулар, сондай-ақ қыркүйекте $300 млн болған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатулары теңгеге қолдау көрсетті», - деді спикер.