13 ақп, 2019 сағат 10:36

Ұлттық Банк «Kompetenz» АҚ-ты лицензиясынан айыру жөніндегі ақпаратқа байланысты хабарлама жасады

Ұлттық Банк тұрақты негізде қаржылық орнықтылықты және сақтандыру нарығының ашықтығын қамтамасыз ету және жосықсыз қатысушыларға – сақтандыру компанияларына, сақтандыру брокерлеріне қадағалау шараларын қабылдау бойынша бойынша жүйелік шараларды жүргізеді.

Соңғы үш жыл ішінде 4 сақтандыру компаниясы қайта ұйымдастырылып, лицензияларын ерікті түрде тапсырды. Ұлттық Банк қабылдап жатқан шаралар қадағалау процесінің бір бөлігі болып табылады және сақтандыруға деген сенімді арттыруға және сақтандыру нарығынан активтерді шығаруға жол бермеуге бағытталған.

Ұлттық Банктің «Kompetenz» АҚ-ты лицензиясынан айыру жөніндегі әрекеттеріне қатысты пайда болған ақпаратқа байланысты Ұлттық Банк төмендегіні хабарлауды қажет деп санайды.

Ұлттық Банк Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 10 қаулысында Компания 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап лицензияның қолданылуы бірнеше рет (соңғы он екі ай ішінде екі рет) тоқтатылғаны үшін Сақтандыру қызметі туралы заңда көзделген негіздер бойынша «жалпы сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды.

Бұдан бұрын Ұлттық Банк Компанияға қатысты 2014 жылдан бастап жүйелі түрде мына шараларды қолданды:

2014 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 6 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 41 рет;

2015 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 10 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 1 рет;

2016 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 7 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 11 рет;

2017 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 9 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 69 рет, басшы қызметкерлерді шеттету – 1 рет;

2018 жылы – шектеулі ықпал ету шаралары – 9 рет, әкімшілік жаза түріндегі санкциялар – 33 рет, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру – 2 рет, жеке сақтандыру сыныбы бойынша лицензиядан айыру – 1 рет.

Компанияға қатысты қолданылған шаралардан ешқандай әсер болмағандықтан, нормативтерді бұзу жиілігі мен ұзақтығын (2017 жылы бұзушылық 10 есептік күнге, 2018 жылы 7 есептік күнге жіберілді) ескере отырып, Ұлттық Банк сақтандырудың жекелеген сыныптары бойынша лицензияны екі рет тоқтата тұрды және жүктерді сақтандыру сыныбы бойынша лицензиядан айырды. 

Сонымен қоса, тексеру шеңберінде Компанияның лауазымды адамдары жасасқан Компания активтерінің 1/3 мөлшерінде компаниядан қаражатты шығару, оның ішінде шетелде қайта сақтандыру кезінде шығару белгілері бар мәмілелерді анықтады. Тиісті материалдарды Ұлттық Банк құқық қорғау органдарына берді.