06 нау, 2020 сағат 08:52

Ұлттық банк қаржы нарығына ықпал ететін сыртқы факторларды атады

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қаржы нарығына ықпал ететін сыртқы факторлар жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар ол Ұлттық банктің тұрақтандыру шаралары туралы түсіндірді.

«Жаңа вирустың жаһандық таралуы әлемдік экономиканың басты сын қатеріне айналып отыр. Қаржы нарықтарында экономикалық өсім азайды, болжамдардың барлығы көңіл көншітерлік емес. Экономиканы қолдау үшін Федералды резерв жүйесі, Канада банкі, Австралия орталық банкі ставкаларды түсірді. Вирустың Қытайдан тыс жерге таралуы инвесторлардың дамушы елдердің экономикасынан кетуіне ықпал етті. Бұл ахуал Қазақстан экономикасына да әсер етті», - деді Әлия Молдабекова.

Теңгенің айырбас курсы - сыртқы шоктардан автоматты түрде тұрақтандыратын фактор.

Қаңтарда мұнай баррелінің құны 60-тан 50-ге түсіп кетті. Рубль ақпанда 4,5%-ға, индонезиялық рупий 4,9%-ға әлсіреді. Мексика, Түркия, Бразилия, ОАР валюталары 4,9%-ға кеміді.

Индонезия мен Бразилия Орталық банктері валюталық интервенция өткізгенін хабарлады.

«Теңге бір айда 0,6%-ға азайды. Себебі, ақпан салық төлейтін уақыт. Экспортерлердің қаржысы теңгені көтеріп тұрды», - деді төраға орынбасары.

Алайда, салық төлемінен соң теңгенің жағдайы жақсарған жоқ.

«24-28 ақпан аралығында мұнай баррелінің құны 57-ден 50,5-ке түсті, 11%-ға арзандады. Мұның барлығы ақша нарығындағы шетелдік валютаға сұранысты арттырды. Валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк ақпанның соңғы күндері валюталық интервенция жасады», - деді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк ақпан айында $94,8 млн сатты.