17 ақп, 2022 сағат 16:45

Ұлттық банк: Қаңтар айында 1700-ден астам алтын құйма сатылды


2021 жылдың қаңтар айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 68,6 келі 1 771 алтын құйма сатты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 2,8 тоннаға жуық 76 676 құйма сатылған. 

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 27%, яғни, 20 898 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма сұранысқа ие, 16 930 дана (22%) сатылған, 20 грамдық құймадан 14 779 дана (19%), 5 грамдық құймадан 13 566 дана (18%), 50 грамдық құймадан 10 503 дана (14%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 275 келі 11 292 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 15%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.