08 жел, 2020 сағат 18:36

Ұлттық банк қандай жағдайда валюталық интервенция жүргізеді

Ұлттық банк Қазақстанның қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын. Бұл туралы банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, нарықтағы құбылмалы жағдай теңге бағамына әсер етеді. 

«Теңге құбылмалылығының артуы 2020 жылы бұрын-соңды болмаған күтпеген өзгеріс жағдайында сыртқы нарықтағы жоғары құбылмалылыққа сәйкес келеді. Мәселен, Vix құбылмалылық индексінің орташа мәні 2019 жылғы 15,4%-дан ағымдағы жылы 30%-ға дейін екі есе өсті. Мұнай бағасының орташа күндік құбылмалылығы 2019 жылғы 2,1%-дан 2020 жылы 4,3%-ға дейін өсті», – дейді Әлия Молдабекова.

Теңгенің құбылмалылығы өзгермелі айырбастау бағамының объективті салдары ретінде бағамның нарықтық түзетілуін қамтамасыз етеді және экономикада теңгерімсіздіктің жинақталуын барынша азайтады. 

Теңге бағамының әлсіреуінен оны ұстап тұру нақты айырбастау бағамының шамадан тыс нығаюына және тиісінше, отандық экономиканың сауда әріптестері алдындағы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуға әкеп соғады. 

Керісінше, ұлттық валютаның нығаюына кедергі нақты айырбастау бағамының шамадан тыс әлсіреуіне және инфляциялық процестердің өсуіне әкеп соғады.

Негізделген құбылмалылық қалыпты жұмыс істейтін валюта нарығының сипаттамасы болып табылады және нарық қатысушыларының тиімді іс-қимылына ықпал етеді. 

«Ұлттық банк алдағы уақытта да теңгенің орынды құбылмалылығын шектемейді. Интервенциялар қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді шектеу және іргелі негізі жоқ айырбастау бағамының тұрақсыздандыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеу мақсатында ғана жүргізілетін болады», – дейді ұлттық банк өкілі.