25 жел, 2019 сағат 13:13

Ұлттық банк ипотекалық қолдау туралы: Халықтың әлеуметтік осал топтары қамтылады

ҚР Ұлттық банктің өкілі 2020 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін ипотекалық тұрғын үй заемдарын қайта қаржыландыру бағдарламасының өзгерістері туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ҰБ Қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің сөзіне қарағанда, мемлекет қосымша қаржы бөлмейді. Босаңсыту шараларын ұсыну туралы шешімді жан-жақты талдаудан кейін кредитор-банк қабылдайды.

«Бірінші кезекте бұл түзетулер халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтары өкілдерін қолдауға бағытталған. Оларға мүгедек баланы тәрбилеп отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасылар кіреді. Сонымен қатар, асыраушысынан айырылу немесе мүгедектікке шалдығу секілді өмірлік қиын жағдайлар болып жатады», - деді А.Терентьев.

Мұнымен қоса, заемдар бойынша міндеттемені орындау есебінен жалғыз мүлкі банк балансына өтіп кеткен азаматтарды қолдау шаралары ескерілген.

«Қаржыландыруға тоқталсақ, қосымша қаржы бөлу қарастырылмаған. Ипотекалық қарыз алушыларды қолдаудың бұл шаралары бұған дейін ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыруға бөлінген қаражат аясында іске асырылады. Қаражат банктерде салымдарда орналастырылады. Бұл қаражат шартпен белгіленген мерзім өткеннен кейін Ұлттық банкке қайтарылады», - деді ҰБ өкілі.

Айта кетейік, валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Қарыз алушылар валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 2020 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей кредитор банкке өтініш беруі қажет.