17 там, 2020 сағат 08:10

Ұлттық банк инвестициялық монеталарды айналымға шығарды

Ұлттық банк «Altyn barys» және «Kúmis barys» инвестициялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылғы 17 тамызда Қазақстан Ұлттық банкі алтыннан 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңге номиналдарында, күмістен 1, 2, 5 және 10 теңге номиналдарында 2020 жылы соғылған «ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын айналымға шығарады.

Инвестициялық монеталар – 999,9 жоғары сынамалы сапасы жоғары алтын және күміс монеталар. 

Бүгінгі таңда инвестициялық монеталардың бірнеше ірі брендтері бар – «Крюгерранд» (Оңтүстік Африка), «Америкалық бүркіт» (АҚШ), «Вена филармониясы» (Австрия), «Панда» (Қытай), «Үйеңкі жапырағы» (Канада).

Қазақстанның алғашқы инвестициялық «ЖІБЕК ЖОЛЫ» монеталары 1996 жылы айналысқа шығарылды. 2009 жылдан бастап дизайнының өзгеруіне байланысты түрлі салмақ сипаттамалары бар «ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталары шығарыла бастады.

Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері:

– шектелмеген таралымдар;

– «proof» технологиясын қолданбай дайындау;

– монета жасалған металдың құны мен салмағына байланысты кіріс алу;

– Ұлттық банк сату және сатып алу ережелеріне сәйкес сатып алу монетадағы металдың салмағы бойынша есептелетіндіктен жағдайына (сызаттар, патина және т.б.) қарамастан кері сатып алуға қабылдайды;

– қосылған құнына салық салынбайды.

Алтын мен күмістен жасалған барлық номиналдардағы инвестициялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгіленген құны бойынша төлемдердің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есепке жазу үшін және аудару үшін қабылдануға міндетті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.