19 мау, 2017 сағат 10:53

Ұлттық банк еліміздегі банктердің активтеріне бақылау жүргізбек

ҚР Ұлттық банкі еліміздегі банктердің активтері сапасына бағалау жүргізеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2014 жылы мұнай бағасы құлдырай бастағаннан кейін елдегі макроэкономикалық ахуал нашарлап кетті. Ұлттық валюта бағамының өзгеруіне, инфляцияның күрт өсуіне байланысты екінші деңгейлі банктер зардап шегіп, заемшылардың сапасы нашарлады. Осыған байланысты Ұлттық банк еліміздегі банк секторын сауықтыру бойынша жүйелі жұмыстарды бастады. Ол үшін не қажет болды? Жеткілікті деңгейде сауықтырылмаған банк секторына несие бере бастасақ 2-3 жылдан кейін жаңа дағдарысқа тап болар едік. Сол себепті рет-ретімен ілгерлету шешімі қабылданды. Яғни, несиелендіруді жандандыру үшін алдымен банк секторын сауықтырып алу қажет», - деді Д. Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, екі ірі жүйе құраушы банкпен жұмыстар жүргізу туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта екі банктің арасында сату-сатып алу мәмілесі жүзеге асырылуда. Мәміленің нақты қай күнде аяқталатындығы әзірше белгісіз.

«Ұлттық банк еліміздегі банктердің активтері сапасына бағалау жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл шара шынайы картина банктердің есеп-қисаптарындағы деректерден де нашар болуы мүмкін екендігін көрсету үшін жасалады. Мұндай жайт орын алған болса, онда банк акционерлері аталған банктерге ауқымды қаржы құюға тиісті болады», - деді ол.