Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Ұлттық банк Қазақстанда алдағы үш айда девальвация және дефолт болуы ықтимал екені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желілерде үш ай ішінде дефолт және девальвация болуы ықтимал екені туралы хабарлама тарады.
"Ассалаумағалайкүм жігіттер. Кімнің депозитінде ақшасы болса, тез арада алуға кеңес беремін. Кімнің қолма-қол ақшасы болса, оны долларға айырбастаңыз. Егер көлік немесе пәтер алуды жоспарласаңыз, қазір алғаныңыз дұрыс, өйткені жақында девальвация болады. Дәл 3 айдан кейін банктерде дефолт болады. Азық-түлікті ескі бағамен сатып алыңыз, жақын арада баға 2-3 есе көтеріледі. Елде қысқартулар болады. Барлық жақыныңызға ескертіңіз", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк өкілдері қаржылық тұрақтылықты қолдау бойынша шаралар қабылдап жатқанын, ал Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүргізіп жатқанын айтты.
2022 жылдың 24 ақпанында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтергені хабарланды. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша бюджет қаражаты есебінен өтемақы есептеуді көздейтін теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы жарияланды. Базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған теңгедегі депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер көтерілді.
Ұсынылған жедел шаралар Қазақстанның қаржы нарығына, атап айтқанда оның валюталық сегментін тұрақтандырға әсер етеді деп болжанған.
"Әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалықтың айтарлықтай артуы жағдайында ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізді. Интервенциялар көлемі жедел түрде жарияланып, түсіндірмелер берілді", - делінген хабарламада.
Банктің әлемдегі жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап отыратыны және келеңсіз сценарийлер туындаған жағдайда ішкі қаржы нарығындағы тұрақсыздықтың алдын алу үшін барлық қажетті құралдар бар екені айтылған.
"Сонымен қатар, Ұлттық банк толыққанды инфляциялық таргеттеу режиміне көшу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, оның қажетті шарты - экономикадағы құрылымдық өзгерістер және валюта бағамының еркін өзгермелі қағидаттарын ұстану. Нарық белгісіздігі жағдайында ең жақсы ақылға қонымды ұсыныс - үрейленбеу және шешім қабылдау", - деп қорытындылады банк өкілдері.
607 рет оқылды