Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биыл 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірінші – 2020 жылы инфляцияны 8-8,5% дәліз шегінде ұстап тұруға бағытталған ақша-кредит саясатын жүргізу.
«Ол үшін Ұлттық Банк қолда бар құралдарды пайдаланатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының монетарлық емес инфляцияны төмендету тапсырмасын орындау мақсатында нарықтарды тауарлармен толтыру, жеткізу тізбегін оңтайландыру және алыпсатарлыққа жол бермеу жолымен Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан импортқа тәуелділікті азайту бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Е. Досаев.
Екінші – бұдан бұрын қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар мен жаңа бастамалардың негізінде экономиканы қалпына келтіруге қатысу. Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы жылғы шілденің соңына дейін әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлаған жағдайға салаларды қолдаудың қосымша шаралар топтамасын дайындайды. Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының шеңберінде Агенттік пен Ұлттық Банк пруденциялық реттеу шаралары мен мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру арқылы экономиканы кредиттеуді ынталандыруды жалғастырады.
Үшінші – экономикалық белсенділікті қолдау үшін қаржы нарығын дамыту.
«Инвесторларды тарту үшін кірістілік қисығын құру бойынша жұмыс жалғасады. Ол үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп 2020 жылы 1 жылдан 3 жылға дейінгі секторда және 2021-2022 жылдары 1 жылдан 5 жылға дейінгі секторда мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару қамтамасыз етілетін болады», — деді Е. Досаев.
2020 жылдың соңына дейін тұрақты негізде 1 трлн теңгеге дейінгі көлемде қысқа мерзімді қағаздарды шығарумен МБҚ-ны шығару кестесіне тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын облигациялардың халықаралық индекстеріне енгізу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.
«Қор нарығын экономикаға инвестициялар тартудың маңызды көзі ретінде одан әрі дамыту үшін Агенттік Ұлттық Банкпен және Үкіметпен бірлесіп, оның артта қалу проблемалары мен себептеріне талдау жүргізеді, соның негізінде қор нарығын одан әрі дамыту, оның ішінде оны АХҚО әлеуеті мен инфрақұрылымын пайдалана отырып, халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдастыру жөнінде кешенді ұсыныстар дайындайды», — деді Ұлттық Банк төрағасы.
Төртінші – жүйелік тәуекелдердің жиналуын болдырмау үшін қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Экономикалық айналымға жұмыс істемейтін активтерді тарту үшін Проблемалық кредиттер қорының мүлкін сату бойынша жұмыс жүргізіледі, бұл жұмыс істемейтін активтердің тиімді нарығын құруға мүмкіндік береді. Жүйелік тәуекелдерді азайту мақсатында Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп банк жүйесі активтерінің сапасын (AQR) ұдайы негізде бағалау үшін ұсыныстар дайындайды.