27 сәу, 2022 сағат 11:36

Ұлттық банк базалық ставканы көтеру себебін түсіндірді


2022 жылдың 1 тоқсаны бойынша Қазақстанда тұтынушылық, инвестициялық сұранысты және экономиканы кредиттеу артты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банк 26 сәуірден бастап +/-1 пайыздық тармақ пайыздық дәлізімен базалық мөлшерлемені 14%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Мұндай шешім экономикадағы проинфляциялық факторлардың айтарлықтай өсуіне байланысты қабылданды. Биыл 1-тоқсанда біз іскерлік белсенділіктің, тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың және экономиканы кредиттеу өсті. Бұл факторлар фискалдық ынталандыру шараларымен бірге ішкі сұранысты да қолдайды», - деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында. 

Төрағаның айтуынша, баға тұрақтылығын сақтау Ұлттық банктің негізгі міндеті. 

«Осыған байланысты инфляцияға қарсы ақша-кредит саясатының рөлі қазіргі кезде тұтынушылардың қаражат жинақтау әрекетін қолдау үшін маңызды. Аталған шаралардың көмегімен біз сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына және екі таңбалы көрсеткішке жеткен инфляцияның ретсіз өспеуіне ықпал ете аламыз. Сондықтан біз үшін базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім, бірінші кезекте, инфляцияның өсу үрдісіне жол бермеу жолындағы қажетті шара», - дейді ол.