ҚР Ұлттық банкі базалық ставканы 9,00% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Базалық ставканың пайыздық дәлізі +/- 1 п.т. деңгейіндегі сақталады. Инфляция деңгейі Ұлттық банктің болжамына сәйкес қалыптасуда. Инфляциялық күту жылдық инфляция деңгейінде қалыптасты.
«Ұлттық банктің нақтыланған болжамы бойынша инфляция жыл соңына дейін мақсатты дәліз шегінде оның жоғары шекарасына жақын қалыптасуын жалғастырады. Әлемдік шикізат нарықтарында тәуекелдер деңгейі артуы және өсіп келе жатқан тұтынушылық сұраныс тарапынан инфляцияны ұлғайтатын қысым күшейген кезде жылдың соңына дейін ақша-кредит талаптарын қатаңдату жоққа шығарылмайды», делінген хабарламада.
Жылдық инфляция 4-6% нысаналы дәліз ішінде сақталуда. Маусымда тұтыну бағаларының 0,2%-ға өсуі кезінде жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияның өсуіне негізгі үлесін қосуды жалғастыруда, олардың бағасы жылдық көрсету бойынша 8,2%-ға өсті. Бағаның өсуі жекелеген ішкі тауар нарықтарында (ет және ет өнімдері, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар) ұсыныс факторларының ықпалынан, сондай-ақ әлемдік азық-түлік нарықтарында дәнді дақылдар мен ет өнімдерінің қымбаттауынан болды.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция 6,1% деңгейінде сақталды. Ақылы қызметтерге арналған тарифтердің жылдық өсу қарқыны 1,2% ең төменгі деңгейде қалыптасуын жалғастыруда.
Халықтың инфляциялық күтулері азық-түлік нарықтардағы бағалардың өзгеруіне сезімтал бола тұра, өсті. Күтілетін инфляция нақты деңгейде қалыптасып, ағымдағы жылғы мамырдағы 4,7%-бен салыстырғанда маусымда 5,4%-ды құрады.
Ішкі сұраныс факторлары тарапынан инфляцияны ұлғайтатын қысым байқалады. Нақты ақшалай табыстардың өсуі қаңтар-мамырда 5,5%-ды құрады. Ішкі сұраныстың кеңеюі әлеуметтік қолдаудың бюджеттік бағдарламалары кеңеюімен, сондай-ақ қысқа мерзімді тұтынушылық қарыздармен ынталандырылуда. Банктердің тұтынушылық кредиттері мамырда жылдық көрсеткіште 14,8%-ға өсті.
Экономикалық белсенділікте оң серпін байқалуда. 2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті. Оң инвестициялық белсенділік сақталуда, 2019 жылғы қаңтар-маусымда негізгі капиталға инвестиция 11,7%-ға өсті.
Алдыңғы шешіммен салыстырғанда сыртқы сектордағы тәуекелдер балансы өзгерді. Жыл басынан бастап Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2018 жыл ішіндегі бір баррелі 72 АҚШ долларымен салыстырғанда бір баррелі 66 АҚШ доллар болды. Халықаралық ұйымдар әлемдік экономиканың және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің экономикасының 2019 жылға арналған өсу болжамын төмендету жағына қайта қарады, бұл Қазақстан экспортына сыртқы сұраныстың төмендеуіне ықпал етеді. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері аяқталмады.
Бұл ретте негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция қалыпты деңгейде қалыптасуда (Ресей мен Қытайда маусымда тиісінше 4,7% және 2,7%-ды құрады, Еуропалық Одақта мамырда 1,6%-ға дейін төмендеді).
Сыртқы монетарлық жағдайлар біртіндеп жеңілдеуде. Бұған АҚШ ФРЖ-ның ставкалары траекториясының одан әрі төмен болуына қатысты риторикасы, сондай-ақ ЕОБ-ның экономиканы ынталандырудың қосымша шаралары туралы мәлімдемесі ықпал етті. Ресей Федерациясының Орталық банкі биыл маусым айында жылдың соңына дейін қосымша төмендету мүмкіндігімен негізгі ставканы 7,5%-ға дейін төмендетті.
Базалық ставканың ағымдағы деңгейі және ақша-кредит талаптары инфляцияның болжамды кезеңде 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегі деңгейінде сақталуын қамтамасыз етеді. Инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін негізгі тәуекелдердің орындалу ықтималдығы артқан кезде Ұлттық банк жылдың соңына дейін базалық ставканы көтеру мәселесін қарауға дайын.
Базалық ставка бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 9 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.