09 қыр, 2019 сағат 15:45

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,25 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық банк мәліметінше, нақты инфляция күтілген деңгейден жоғары болып қалыптасып отыр және тамыз айының қорытындысында 5,5 пайызға жетті. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюінен туындаған проинфляциялық қысым алдыңғы болжаммен салыстырғанда ұлғайды. Бұл инфляцияны 2019 жылдың соңына қарай 5,7-5,8 пайыздық деңгейіндегі нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне итермелейді.

«Орташа мерзімді болжамды болашақта 2020 жылы инфляция аздап баяулай отырып, нысаналы 4-6 пайыз дәліздің ішінде болады деп күтіледі. 2019 жылғы 7 айда экономиканың өсуі Ұлттық банктің болжамынан жоғары 4,2 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл  экономикада проинфляциялық қысымды туындатады», - делінген таратылған мәліметте.

Осыған орай Ұлттық банк инфляция бойынша мәлімделген бағдарға жету мақсатында базалық мөлшерлеме жөніндегі бұдан кейінгі шешімдерді нысаналы дәлізге қатысты қалыптасып отырған және болжанып отырған инфляция серпінінің сәйкес келуін, ішкі сұраныс тарапынан тәуекелдердің іске асырылуын, импорт өсімі мен әлемдік экономикадағы жағдайды есепке ала отырып қабылдамақ.