13 қаз, 2020 сағат 11:24

Ұлттық банк айналысқа шығаратын банкнотада COVID-19 болу ықтималдығы өте төмен

ҚР Ұлттық банкінің қолма қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажмұратов қолма-қол ақшадан вирус жұғу ықтималдығы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

COVID-19 вирусының ақша бетінде өмір сүру уақытына қатысты бірнеше зерттеу бар. Бір мәліметтерге сенсек, вирус үстіңгі беттерде 28 күн өмір сүреді. 

Еуропа орталық банкінің мәліметіне сенсек, COVID-19 вирусы банкнота беттерінде бірнеше сағат қана тұрады. 

«Біздің ойымызша, вирустың қанша өмір сүретіні туралы нақты мәліметтер әлі белгісіз. Ұлттық банк банкноталарды айналымға жібермес бұрын 14 күн банк қаптамасында сақтайды. Тек содан кейін ғана ақшаны сорттап, есептеуге көшеді. Банкнотадағы вирустың қанша өмір сүретіні туралы нақты зерттеу қорытындысы жоқ болғандықтан профилактикалық мақсатта ақша 45 күнге дейін сақталады», - деді Жомарт Қажмұратов. 

Сондықтан, COVID-19 вирусының ақшаның бетінен адамдарға жұғу ықтималдығы өте төмен. 

ҚР Ұлттық банкінің талабына сәйкес, банкоматтар мен кассалық техниканы зарарсыздандырумен екінші деңгейлі банктер мен «Казпошта» АҚ, инкассаторлық ұйымдар айналысады.