Бүгін UEFA Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Литвадан басым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық құрама С лигасының төртінші тобында ойнайды. Қарсыластары - Албания, Беларусь және Литва құрамалары.
Литва құрамасы сапындағы футболшылардың басым бөлігі өз елінің чемпионатында ойнайды. Сондай-ақ, Болгария, Израиль, Италия, Латвия, Польша, Сербия, Эстония, Хорватия чемпионаттарында бақ сынап жүрген футболшылар бар. Ал үш футболшы Қазақстан Премьер-лигасында ойын көрсетеді. Атап айтқанда, Петропавлдың «Қызылжарында» Витаутас Андрюшкявичюс, Талдықорғанның «Жетісуында» Артурас Жулпа, Жамбыл облысының «Таразында» Овидиюс Вербицкас бар.
Кездесу Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды деуге болады. Алғашқы минуттарда олар алдыңғы шепте жиі бой көрсетті. Осындай сәттердің бірінде қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Бактиер Зайнутдинов 3-минутта гол соғып кетті.
Екінші кезеңде қазақстандық құрама негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Алаң иелері гол соғатын мүмкіндіктерді іздеді. Дегенмен олар 86-минутта өздерінің қақпасына тағы бір гол жіберіп алды. Оны қазақстандық жартылай қорғаушы Исламбек Қуат өзінің еншісіне жазды. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Екі құрама бұған дейін бір мәрте ғана кездесті. 2014 жылдың 5 наурызында Түркияның Анталья қаласында өткен жолдастық кездесуде екеуі 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарқасты. Сол себепті бүгінгі ойын тұңғыш ресми кездесу саналады.
Бүгін төртінші топта тағы бір ойын өткізеді. Беларусь құрамасы өз алаңында Албанияны қабылдайды.