06 қар, 2020 сағат 06:48

Ұлт араздығын туғызған Рудный тұрғыны екі жылға сотталды

Қостанай облысында ұлтаралық араздықты қоздырған Рудный тұрғыны сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін жазғанымыздай, полиция әлеуметтік желі арқылы тараған видеоны тексерді. Рудный тұрғыны украиналық блогермен болған әңгіме барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін, жерін қорлап, қазақ халқының ар-намысына тиетін сөздер айтқан. 

Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер YouTube арнасынан аталмыш видеоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. 

Кейіннен Кирилл Божко Қазақстан халқынан кешірім сұрап, видеоүндеу жолдады. 

Рудный қалалық сотының үкімімен Рудный қаласының тұрғыны Б. ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлігі бойынша сотталды. 

«Сотталушының кінәсі бейнежазба және арнайы сараптама қорытындысымен дәлелденді. Сот іс бойынша барлық мән-жайды ескере отырып, Божконы 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ» делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.