Скриншот: Новини LIVE
Украина Президенті Владимир Зеленский, егер бұл Украинаға бейбітшілік әкелетін болса, өз қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Немесе «НАТО-ға мүшелікке айырбастауға» әзір екенін айтып, билікте ондаған жылдар бойы қалуды жоспарламайтынын жеткізді, деп хабарлайды «Украинская правда».
Бұл мәлімдемені Зеленский «Украина. 2025 жыл» форумында өткен баспасөз мәслихаты барысында жасады. Сонымен қатар, ол Украинадағы президенттік сайлау әскери жағдай аяқталғаннан кейін өтетінін айтты.
Зеленскийдің сөзінше, ертең Киевте еуропалық көшбасшылардың қатысуымен саммит өтеді. Ол маңызды бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін және келіссөздерге Украина, АҚШ, Ресей және ЕО қатысуы тиіс.
Украина басшысының айтуынша, АҚШ қауіпсіздік кепілдіктерінсіз атысты тоқтатуды талап етіп отыр. Ал Украина мынандай кепілдіктерді талап етеді: ЕО-ға мүше болу, Батыс қаржыландыратын 800 мыңдық украин армиясын қамтамасыз ету және ел аумағында шетелдік контингенттің болуы.
Президент АҚШ-тың Украинадан сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қоюын талап етуіне де түсініктеме берді. Кейбір дереккөздерде бұл келісімге сәйкес Киевтің АҚШ-қа 500 миллиард доллар төлеу міндеті бар деп айтылуда. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл соманы Вашингтонның Украинаға кемінде 350 миллиард доллар көмек көрсеткенімен түсіндіреді және оны өтемек ниетте.
Зеленскийдің айтуынша, Трамп АҚШ берген көмектің үстіне 100% үстеме ақы алғысы келеді. Сондықтан Украина АҚШ-қа 500 миллиард немесе 100 миллиард доллар қарыз екенін мойындаудан бас тартады.
«Украина АҚШ-тан 100 миллиард доллар көмек алды, бірақ 350, 500 немесе 700 миллиард емес. Тіпті 100 миллиардты да қарыз деп мойындауға дайын емеспін, себебі грант – бұл қарыз емес. Мен бұл туралы Байденмен келісіп қойғанмын. Біз мұны қарыз деп танымаймыз», – деді президент.
Зеленский сондай-ақ «украин халқының 10 буыны төлейтін келісімге» қол қоймайтынын атап өтті.
Осы арада АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф CNN телеарнасының эфирінде АҚШ Украинамен сирек кездесетін элементтер бойынша келісімге келесі аптада қол қояды деп күтіп отырғанын мәлімдеді.