Украинадағы Қазақстан азаматтары Варшавада дауыс береді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмар жөніндегі елшісі Жалғас Әділбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда сыртқы саяси ведомствоның шет елдердегі мекемелерінің жанында, 53 мемлекетте 68 учаскелік комиссия құрылды. Барлық комиссия мүшелері бекітіліп, олардың сәйкестігін анықтау бойынша тестілеу өткізілді. Барлық сайлау учаскелері президент сайлауын өткізуге дайын. Өздеріңізге белгілі, Украинадағы ахуалға байланысты сол жердегі Қазақстан азаматтары мен елшілік қызметкерлері Варшава қаласында дауыс береді», - деді СІМ өкілі.
Оның атап өтуінше, ҚР Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігіне жолдаған барлық сайлау бюллетеньдері мен сайлау үшін қажетті құжаттар шет елдердегі мекемелеріміздің өкілдері арқылы жеткізілді.
«Олардың іссапарларын қамтамасыз ету бойынша барлық іс-шаралар толық іске асырылды. Аталған учаскелерде Қазақстанның 12 527 азаматының дауыс беретіндігі күтіледі», - деді Жалғас Әділбаев.